1.09.2015, 23:14
Оқылды: 17

Юбилейныйда жаңа мектеп!

Terekti mektep  Білім күнін Теректі ауданы Юбилейный ауылындағы бүлдіршіндер зор қуанышпен, ерекше серпінмен қарсы алды.

Олай деуге себеп, апаттық жағдайда тұрған ауылдағы мектептің орнын су жаңа, барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған білім ордасы басты. 108 оқушыға арнап жабдықталған мектептің ашылу салтанатына БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен Теректі ауданы әкімі Жеңіс Серікқалиев қатысты.

-Бұл мектепті салу арқылы Теректі ауданында апаттық жағдайдағы білім ошақтары тақырыбы түгелдей жабылды. Оқушыларымыз енді іші де, сырты да бүтін, жарық әрі кең, бір сөзбен айтқанда барлық жағдай жасалған мектепте білім алатын болады. Әрине, бүгін Юбилейный ауылында үлкен той. Ата-аналар, ұстаздар мен оқушылардың қуанышын бөліскелі келгесін, осындай мерекемен баршаңызды құттықтағым келеді. Жаңа мектепке қадам басқан оқушылар енді еліміздің өсіп-өркендеуі жолында сапалы білім алып, аянбай еңбектенеді деп сенеміз. Бұл мектептен барлық қазақстандықтар мақтан тұтар, елдің үкілеген үмітіне айналар азаматтар мен азаматшалар түлеп ұшады деп ойлаймын. Сәт сапар, айналайындар,-деді облыс әкімінің орынбасары Арман Кәрімұлы.

Құттықтау сөзден соң облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Өтеғұлов 1 сынып оқушыларына арналған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан «Менің Отаным-Қазақстан» кітабын балғындарға ұсынумен қатар,    БҚО әкімі Н.Ноғаевтың атынан жаңа мектептің ашылу салтанатына арналған сыйлығын да табыстады.

Мектептің құрылысын жүргізген «Марасант» ЖШС-нің президенті Аманжол Кониев мектеп ұжымына сәттілік тілеп, символикалық кілтті мектеп директорына табыстады.

Жаңа мектептегі алғашқы қоңырауды соғу мәртебесі аудандық ғылыми жобалардың жеңімпазы, оқу озаты, аталмыш мектептің 10 сынып оқушысы Мейрамгүл Оразбай мен 1 сынып оқушысы Қалихан Қадірбекке бұйырды.

Сыңғырлаған күміс қоңыраудың даусынан соң аудан әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімұлы мен ардагер ұстаз София Мулжасова салтанатты түрде мектептің лентасын қию рәсімін жасады.

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале