16.11.2015, 19:46
Оқылды: 38

Іскерлік байланыс жарасым табуда (Фото)

Janakala01    Жергілікті жағдайда бұл міндетті орындау өндіріс сапасын жетілдіруге, ол үшін өркениетті елдердің озық технологиясын меңгеру, көршілес аудандармен іскерлік байланыста болып, олардың озық тәжірибесінен үйрену, бірлесе жұмыс жүргізуге де байланысты.

Жаңақала ауданының негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру, шетелдік селекциядан өнімі сапалы мал әкеліп,  оны жерсіндіріп, өсіру жұмыстары соңғы жылдары қолға алынып, осы мақсаттағы мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жүргізу жүйелі жалғасып, өз нәтижесін  бере бастағаны да белгілі.


Енді көршілес аудандармен тәжірибе алмасу, жақсысын үйрену, бірлесе жұмыс жүргізу үшін Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов күзгі жиым-терім аяқталып,  арқаны сәл кеңге салар кез – қазан айының басында Атырау облысының көршілес Индер, Исатай және өз облысымыздың Бөкейордасы аудандарының өкілдерін шақырып, аудан өндірісін таныстырып, ортақ мәселелерді бірлесе жүргізу бағытында келелі кеңес өткізіп, төрт аудан басшылары бірлесе жұмыс жасар меморандумға қол қойған болатын.

Бұл бастаманы құп алған Исатай ауданының әкімдігі қараша айының 13 күні меморандумға қол қойған үш аудан өкілдерін өз ауылдарына шақырып, өндірістерін таныстыруға, қолға алған істі аяқсыз қалдырмауға пейіл білдірді.

Күзгі жауын  жолдарынан қалдырған  Бөкейордасы бара алмады да, Индер мен Жаңақала ауданының өкілдері Исатай ауданында болып, өндіріс ошақтарымен, экономикасымен, ел жағдайымен  танысып қайтты.

Іскерлік байланыс барысында аудан делегаттары Индер ауданындағы өндіріс орындары – мұнай құбырларын жөндеу, мұнайды жинақтап, ілеспе өнімдерден айыру, айдау, аудандағы әлеуметтік нысандар – 250 орындық аурухана, аудандық мұражай, 620 орындық жасанды көк төселген стадион, 250 орындық аудандық мешіт, демеушілікпен салынған жобалық құны 670 млн. теңге, 300 орындық мәдениет үйі, сауда орталығын аралап, ақын Хамит Ерғалиев ауылындағы Қазақстанның халық артисі, күй қағаны Рысбай Ғабдиев атындағы саябақты ашуға қатысты.

Жалпы 7 ауылдық округі бар ауданда 16 елді мекен, 27527 халық тұрады  екен.  Жер аумағы 1478 шаршы  километр.

Аудан аумағынан «Атырау-Астрахань» теміржолы, «Атырау-Астрахань» автомобиль жол, «Қиғаш-Атырау-Өзен» су құбыры, Солтүстік Кавказ-Мақат магистралды газ құбыры өтеді.

Ауданның негізгі өндірісі - мұнай өндіру және мал шаруашылығы.

Негізгі байлығы мұнай болғандықтан мал шаруашылығы салыстырмалы түрде алғанда сәл кенжелеу дамып келеді екен. Күні бүгін бұл ауданда 14931 бас сиыр, 38203 бас қой мен ешкі, 12554 бас жылқы, 7196 бас түйе малы қысқа кіріпті. «Агронесие корпорациясы» АҚ-нан 142 млн. теңге несие алып, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізуде.

Janakala02

Бізді қызықтырғаны - халқы бізден 3527 адамға ғана артық ауданның жылдық бюджеті  4-4,5 млрд. теңгені құрайды (бізден 2-2,5 есе көп).

Қысқасы, сапарлап барған Атырау облысының Исатай ауданынан көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де көп, ауылға біраз ой арқалап оралдық.

Жылдық бюджеті биыл 5-5,5 млрд. теңге, өткен жылдары 7 млрд. теңгеге дейін жеткен индерліктер де алдағы жылдың  сәуір айында өндірісімен танысуға шақырды.

«Көршің кілем алса қуан, бір шетіне өзің отырасың» деген, көршілердің келісті тірлігіне қуанып қарадық, қонақжай азаматтармен қиыспай тарадық.

Біздің ауданның бар сенері – мал шаруашылығы. Онымен бұл көршілерімізбен үзеңгі қағыстыру үшін атанға жүк болар ауқымды да ауыр жұмыстар тұрғанын ішіміз сезіп отырды. Тек, ынтымақ, бірлігімізден, берекелі тірлігімізден айырмасын дейік те.

Janakala03

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале