12.04.2016, 17:17
Оқылды: 19

Іс басталып, бірақ көп ұзамай тасталатын жағдайға жол беруге болмайды

????????????????????????????????????

      Елді шартарапқа танытатын – оның мәдениеті. Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел. Ақжайық ауданының мәдени-рухани тыныс-тіршілігінде де алысқа естіліп жатқан тың жетістіктер, ілгерлеулер аз емес. Бірақ бұл тоқмейілсуге ешқандай негіз емес. Жылдар жүзінде ілесіп келе жатқан кемшіліктер бар. Осалдықтарды, кемістіктерді күн өткізбей жойған абзал. Аудан әкімі Әділ Жоламанов мәдениет қызметкерлерімен өткізген кеңесте осыған байланысты міндеттерді түйіндеді.


     Жұртшылық, қоғамдық ұйымдар өкілдері шақырылған бұл бас қосу мінберіне көтерілгендер алуан ой-толғамдарын ортаға салды. Ақын Сағынтай Бисенғалиев өткен жылғы Қазақ хандығына 550 жылдығына байланысты елімізде, өңірімізде, ауылдарымызда өткен іс-шараларды оқып-үйренуді, дәстүрлі өнеріміздің жүзден озған балауса өрендерін халыққа кең танытуды қолға алу қажеттігін айтты. Педагог Мәлік Берді Әлі тіпті қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері арасында көркем әдебиетті қолға алмайтындар барына қынжылысын білдірді. Еңбек ардагері Балым Хамзина баланы кітап оқуға баулуда ата-ананың өнегесін қаперге салды. Жайықтың сол жағалауындағы Жұбан ауылынан кітапхана меңгерушісі Мейірман Шәкенов аудандық кейбір өнер байқауларына жолдың лайсаң кезеңдерінде қатысу мүмкін болмайтынын, сондай шараларды жер аяғы кеңіген күндерге ұйымдастырмаса, талай таланттың көзі ашылмайтынын әңгімеледі.

     Тәуелсіздігіміздің «Бірлік пен жарасымдылықтың 25 жылы» ұранымен өтетін биылғы  мерейтой мәдениет саласында шын мәнінде серпіліске, қарымды қадамға қол жеткізуді талап етіп отыр. Бұл дата кімнің қолынан не келетініне сынақ болып та табылады, байтақ еліміздегі бетбұрысты кезең, дәуірілік оқиға. Осы туралы айта отырып, аудан басшысы санаға жетіп, көкірекке қонатын істер керегін қаузады. Ауданда жуырда тұңғыш өткен әжелер ансамбльдерінің байқауы халық шығармашылығының, дәстүрлі өнердің қуатын айқын аңғартты. Біраз жерде осындай өнер ұжымдары дүниеге келді. Іс басталып, бірақ көп ұзамай тасталатын жағдайға жол беруге болмайды. Кеңесте мұнымен қатар мәдени-демалыс орталығы жанындағы халықтық театрдың үйірмелік деңгейден аспай жататыны жайында пікірлердің шындығын да Әділ Тауфиқұлы атап көрсетті. «Бұл театрдың облысымыздағы үздіктер қатарынан орын алуына мүмкіндік әбден бары шүбәсіз»,- деді ол.

     Үлкен ауданымыздың түлегі болып табылатын қаламгерлердің кейбірін насихаттауға, олардың еңбегін тереңірек әйгілеуге «қол тимей» жататыны бар. Аудан басшысы мұны мысалдармен баяндап өтті. Ол аудан орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлерді халық арасында кеңінен насихаттауы қажеттігін де еске салды.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале