11.08.2015, 19:35
Оқылды: 25

Ғалымның аты өшпейді

DSC_1359Қаратөбе ауылындағы М.Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде философия ғылымдарының кандидаты, профессор Дайын Нығметовтің отбасымен кездесу шарасы өтті.

Айтулы шарада ғалымның жан-жары, химия ғылымдарының  докторы, профессор  Ақшыбық Қайырғалиқызы, кенже қызы Аида Дайынқызы, ұзақ жылдар ауданда басшылық қызметтерді атқарған елге сыйлы ақсақал, Дайын Нығметұлының ағасы Серік Малабаев, аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов сөйлеп, ғалым ағаның ел игілігі үшін атқарған ғылыми жұмыстары мен болашақ ұрпаққа үлгі боларлық ізгі істері төңірегінде әңгіме өрбітті.

Ғалым ағаның інісі, ішкі істер саласында қызмет атқарған, доғарыстағы полиция  полковнигі Қайролла Сүлейменов, мәдениет саласында еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан жерлесіміз Әміржан Тасболатов және шараға қатысушы қаратөбеліктер музейдегі ғалымның еңбектерімен, басқа да жәдігерлермен танысты.

Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданында дүниеге келіп, Қаратөбеде өскен, Оралдағы педагогикалық институтта білім алған, Орынборда еңбек жолын мұғалім боп бастаған, кейін Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында басшылық қызмет еткен, Мәскеу, Ленинград қалаларында білімін жетілдірып, ғылыми атақ алған ғалымның 32 кітабы, 113 мақаласы жарық көріпті.

Ғылымдағы елеулі еңбектерімен еленген ел ағасы Дайын Нығметұлы 2008 жылдың сәуір айында 76 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Ғалымның өзі өлсе де, оның еңбектері өшпейді.  Аудандық музейде Дайын Нығметұлының ғылым жолындағы еңбектері туралы құжаттар жинағы, кезінде пайдаланған қаламсаптары мен қол сөмкесі, ғылыми атақтар берілгені туралы куәліктері, тағы да басқа көптеген жәдігерлер сақталған.

www.zhaikpress.kz

Ерболат РАЙСОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале