2.12.2016, 17:48
Оқылды: 72

Ғылым және бизнес тығыз байланыста болуы керек

Бұл жайлы Оралда өткен «Ғылым және бизнестің өзара әрекеттесуінің жаңа механизмдері» атты кеңесте айтылды. Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өткен кеңеске облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, «ҚазАгро» ҰБХ АҚ БҚО бойынша филиал директорлары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, ғалымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысты.

сурет forbes.kz сайтынан

сурет forbes.kz сайтынан

Жиынды жүргізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ең алдымен жиналғандарды астаналық меймандармен таныстырды. Оның сөзінше, алыстан келген ғалымдар күні кеше Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов және Жаңақала аудандарында болып, шаруаларға «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» тұжырымдамасы мен «Ауыл шаруашылығы ғылымы мен бизнестің ықпалдастығы және олардың даму болашағы» тақырыбының маңызын түсіндірген.

Бұдан кейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Пірімқұл Ибрагимов сөйлеп, жиналғандарға «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» тұжырымдамасын түсіндірді.

— Соңғы жылдары ел үкіметі тарапынан ауыл шаруашылығы саласына үлкен көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде жыл сайын ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жаңа бағдарламалар жасақталып, іске асырылуда. Солардың бірі – осы «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» тұжырымдамасы. Тұжырымдаманың негізгі қағидасы нарықтық бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру болып табылады. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауға, соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперациясының ауқымды дамуына, халықтың табыс деңгейінің артуына, Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мұнда сондай-ақ аграрлық ғылым мен өндірістің байланыс деңгейін нығайту шаралары да қарастырылған. Сапасы мен пайдасы ғылыми түрде дәлелденген ауыл шаруашылығы өнімдері мен тиімді технология қашанда бәсекеге қабілетті болмақ. Нақ осы жұмыспен біздің «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ғылыми зерттеу институтының мамандары айналыспақ, — деген Пірімқұл Шолпанқұлұлы жиналғандарды орталық жұмысымен таныстырды. П. Ибрагимовтың сөзінше, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2015 жылдың 22 тамызында құрылған. Бұл орталықтың құрамында 23 ғылыми-зерттеу институтының 33 филиалы, төрт қызмет көрсету компаниясы мен үш ауыл шаруашылығы университеті бар. Олар: Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ, Астанадағы С. Сейфуллин атындағы «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КЕАҚ және «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» КЕАҚ».

Орталықтың аграрлық ғылым мен өндірістің байланысын нығайту бағытындағы іс-шаралары аталған еншілес ұжымдармен бірлесе отырып атқарылмақ. Аграрлық білім мен ғылымның қазіргі таңда сұранысы артып отырғанын тілге тиек еткен басқарма төрағасы ауыл шаруашылығы саласын жандандыруда ынтымақтастық шараларын жеделдету қажеттігін айтты.

П. Ибрагимовтың пікірінше, ғылым мен бизнес өзара тығыз байланыста болуы керек, яғни бизнес ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржылай қолдауы керек. Сәйкесінше бизнес қауымының бұл шығыны субсидиялануы тиіс. Оның сөзінше, қазіргі таңда ауыл шаруашылығының ғылыммен байланысы тек үш пайызды ғана құрайды, алдағы уақытта бұл байланыстың деңгейін 15 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұдан кейін Қазақ жер және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серік Кененбаев пен Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Нұраддин Әлібаев сөйлеп, Батыс Қазақстан облысының ауа райы мен табиғатына сәйкес келетін өсімдіктер мен мал басын көбейту керектігін айтты. Мысалы, Серік Кененбаев Батыс Қазақстан облысына 70 пайыз астық дақылдары егілетінін, бірақ олардың үнемі мол өнім бере бермейтінін айтып, егісті әртараптандырған жөн екенін жеткізді. Оның сөзінше, жазы ыстық, қысы қатты ауа райы жағдайында кез келген жағдайға төзімді көпжылдық еркекшөп пен соргосуданка және майлы дақылға жататын софлорды еккен жөн. Ол сондай-ақ өзі басқарып отырған ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің жергілікті Орал тәжірибе стансасымен бірігіп, жүгері, жасыл балаусаның бес буданын осы өңірге өсіріп, жерсіндіру бағытында жұмыстанып жатқанын жеткізді. Ал Нұраддин Әлібаев болса, бұл аймаққа шөлге төзімді түйе мен ордабасы, еділбай тұқымдас қойларды өсіру тиімді екенін айтты. Оның сөзінше, түйе сүті – әрі сусын, әрі ем. Шаруалар сүтті мол беретін түйе санын көбейтіп, ферма ашса және шұбат өндіретін шағын цех ашса, ештеңеден ұтылмайды.

Шара барысында сөйлеген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бұрынғы басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Қазыбай Бозымов аталмыш университеттің ғалымдарымен бірігіп жұмыстануға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, көп жылдық тарихы бар университет зертханасы бір жарым миллиард теңгеге жарақтандырылған. Сондай-ақ шара барысында жергілікті ауыл шаруашылығы мамандары мен шаруа қожалықтарының басшылары жұмыс барысында кездескен түйткілді мәселелер жөнінде айтып, бұл мәселелер оңтайлы шешілсе деген тілектерін жеткізді.

Жиын соңында шаруа қожалықтарының басшылары тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ

www.zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале