25.01.2016, 16:44
Оқылды: 23

Қадыр ақынды еске алды

Kadir Mirza Ali shara   Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған  «Өмірі – естелік, өлеңі - ескерткіш» атты кеш өтті.


Кештің мақсаты ақынның өшпес мұраларын халыққа кеңінен  насихаттап, жыр сүйер қауымды ақын әлеміне жетелеу. Ақынды еске ала отырып, есімін ардақтау.

Ақынды еске алуға жиналған ардагерлер мен бір топ өнер сүйер қауым жиынды   ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Ескерткіш алдында сөз алған «Қадыр Мырза Әлі» атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов ақын туралы өз ойларымен бөлісті.

- 25 қаңтар алты алашқа аты мәшһүр Қадыр ақынның жерленген күні. Басқосуымыздың да басты себебі  ақынның көзі көрген жандардың басын қосып, ол туралы естеліктермен, айтып кеткен ғибратты әңгімелерімен бөлісу еді. Ақынның дүниеден өткеніне де зуылдап 5 жыл өте шығыпты. Осы жылдар аралығында Алматыда тұрған үйінде ескерткіш тақта ашылды. Өткен жылы  өзі туған Жымпиты ауылы мен Орал қаласында бір күнде қос бірдей ескерткіш тақтасы ашылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен шаһарымыздың төрінен ақын атындағы әсем ғимарат бой көтерді. Мұның барлығы ақынға деген халықтың құрмет-қошеметі деп түсінгеніміз жөн, - деген Донеділ Ізмағамбетұлы алдағы уақытта Алматы қаласында ақынға арналып республикалық шаралардың ұйымдастырылатындығын атап өтті.

Ескерткіш алдында  ақын Талғат Мықи Қадыр ақынға арналған өлеңін оқып берді.

Еске алу кеші одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мұнда ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылды.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале