18.01.2016, 12:14
Оқылды: 19

Қадыр ақынға арналған поэзия сағаты

Акжаик КадырАудан орталығындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған поэзия сағаты өтті.


Акжаик Кадыр (1)Шараны Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев жүргізді.

Аудандық білім бөлімінің маманы Зәмзагүл Калмурзина шайырдың өмірбаянын баяндады. Оның жалын атқан жастық шағын, алғашқы өлеңдерін, ақын туралы пікірлері ойлы ортаның ортақ әңгімесін қыздырды.

Поэзия сағатында асқан талант иесінің жырын оқып-үйрену баршамыздың биік бір борышымыз болып табылса деген тілегін арнай келіп, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай ақынның «Бір үзім нан» деген өлеңін оқып берді. Ақынмен кездескен сәттерінен естеліктер айтты.

Агроколледж студенттері Мирас Қарағойшин, Замира Ғайнолла классиктің патриоттық өлеңдерінің бір шоғырына тоқталып, балауса толғамдарымен жиналғандардың көңілін тап басты. Осы оқу орнының кітапханашысы Ағила Садықова да азамат ақынның өмірін бүгінгі ұрпаққа боямасыз жеткізудегі кітапханашылар жұмысын айта келіп, халық жазушысының «Пенделік» монологын келістіре оқыды.

Модельді балалар кітапханасының меңгерушісі Аида Жоламанова ақынның шешендік толғамдарымен тұстас өрілген қысқа да нұсқа нақыл сөздерін жатқа айтты.

М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мереке Зейнуллина көрнекті тұлғаның қазақ әдебиетіндегі алар биігін, жас ұрпақ тәрбиесіндегі түбегейлі орнын танудағы жұмыстарға тоқталды.

Аудандық көркемөнерпаздар байқауларында танылып жүрген талапкер жас ақын Айжан Сейтқалиева «Талант» атты өлеңін оқып, заман биігінен үн қатқан дүлділ ақын Қадырдың салған жолына өз үнін қосты.

www.zhaikpress.kz

Азамат ҚАЛИ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале