4.07.2016, 9:18
Оқылды: 29

Қадір түнін қарсылады

kadyr tuniҚаратөбелік ағайын Қадір түнін аудандық мешіт үйінде қарсылады. Жиналған жамағатқа мешіттің бас имамы Əділжан Бекқазиев, теолог маман Əмірбек Жəнібеков уағыз айтып, Қадір түнінің қадір-қасиетін баяндады.


- Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол, бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды.

Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. Ал кейбір ғалымдар мың деген санды араб халқы негізінен «өте көп» деген мағынада қолданады. Сондықтан Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Бұл жағдайда ол сан одан да өсуі мүмкін.

Түннің «Қадір түні» деп аталуын ғалымдар бұл түнде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады, - деп сөз сөйлеген аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Әмірбек Жәнібековтің уағызын жергілікті жұртшылық ұйып тыңдады.

Жиналғандар алдында аудан əкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, елге бірлік, татулық тіледі.

Киіз үй ішінде ақ дастарқан жайылып, үлкен-кіші арасында тағылымды әңгіменің тиегі ағытылды.

Бұл жолғы Қадір түніне жергілікті жұртшылық көп жиналды.

 

www.zhaikpress.kz
Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале