29.09.2015, 19:47
Оқылды: 19

Қазанның 15-інен бастап әуежай алып ұшақтарды қабылдауды бастайды

Oral auejayi  Орал әуежайындағы ұшу-қону жолағының құрылысы толықтай аяқталды. Қазанның 15-інен бастап әуежай алып ұшақтарды қабылдауды бастайды. Бұл жақсы-жаңалық және өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының барысы жайында  «Қазақстан- Орал» телеарнасында БАҚ өкілдерімен тікелей желіде өткен брифингте мәлім болды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әскербек Жақсығұловтың айтуынша, жергілікті жолдардың 22 пайызының қатқыл жабыны болса, өзгесі қиыршық тасты, топырақты болып келеді. Өткен жылы 6 ауданды облыс орталығымен байланыстыратын қатқыл табанды жол болмады. 2014 жылы 7,2 млрд. теңге бөлініп, соған 60 шақырым жолға қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Соның нәтижесінде  Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарының орталықтарын облыс орталығымен  байланыстыратын қатқыл табанды жол салынды. «Әлі 4 ауданның орталықтарын, соның ішінде Қазталов, Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын Оралмен байланыстыратын сапалы жол салынған жоқ. Биыл облыстық, аудандық жолдар құрылысына 5,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, оған 100 шақырым жол жөнделмек. Сондай-ақ биыл Жаңақала ауданының орталығын облыс орталығымен жалғайтын жол құрылысы аяқталмақ. Бұл бағыттағы жол құрылысы аяқталу қарсаңында»,- деді Әскербек Жақсығұлов.  Биыл Ақсай-Шыңғырлау, Аңқаты-Сарыөмір, Чапаев-Жаңақала-Сайқын, Орал-Кирсанов, Жымпиты-Қаратөбе бағытындағы жолдар жөнделуде.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде жол -құрылыс жұмыстарын нығайту, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Осы бағдарлама аясында ел Астанасын барлық облыстармен сапалы жолдар арқылы қосу межеленген. 2020 жылға дейін республика бойынша 7,5 мың шақырым жаңа жол салынып, 200 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады. БҚО бойынша биыл республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 6,8 млрд. теңге бөлінді. Биыл 1 қыркүйектен бастап құрылыс жұмыстарына байланысты ұшақтардың ұшып-қонуы тоқтатылды. Енді құрылыс жұмыстары толығымен аяқтала келді. Ұшу-қону жолағының құрылысы 100 пайызға бітті. Қалғаны навигациялық жүйені орнату, жарық-белгі беру жабдықтарын, трансформаторлық стансаны қондыру жұмыстары ғана. Қазаның 15 –іне дейін осы жұмыстарды аяқтап, 15-інен бастап әуежай арқылы қатынас басталады деп отырмыз - деді брифингте «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның БҚО филиалы директорының орынбасары Ерлан Қажымов.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале