29.04.2016, 18:01
Оқылды: 54

«Қазақстандықтар – болашағы біртұтас ұлт»

Assambleia Dostik     Осындай атаумен Орал қаласының Достық үйінде Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

         Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялар университеті, Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бірлесе ұйымдастырған басқосуына  алыс-жақын шетелдерден ғалымдар шақыртылып, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен профессорар құрамы қатысты.


         Алдымен пленарлық мәжіліс оздырылып, жиында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялар университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы Раушан Смадинова төрағалық етті.

         - Бүгінгі басқосудың мақсаты - болашағы біртұтас ұлт болу жолындағы міндеттеріміз бен мүдделерімізді бір арнаға тоғыстырып, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту. Сонымен қатар бұл тарих пен келешек ұрпақ алдындағы парыз бен жауапкершілік деп есептейміз. Конференция жұмысына шетелден келген қонақтар қатысып, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі көптеген мәселелерге алаңдаушылықтарын білдіруде. Жаһандану кезеңінде білім мен ғылым саласындағы үдерістер өзгеріп, білім, ғылым және еңбек нарығындағы байланыстар күшейуде. Жуырда Қазақстан халқы ассамблеясының 24-ші сессиясы өтіп, бейбітшілік пен келісім, татулықтың болашағы  - біртұтас ұлт идеясын қалыптастыратын «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабілданған болатын. Елбасымыз атап өткендей, бұл  тарихи құжат біздің тәуелсіздігіміздің жемісі, халқымыздың ерік-жігері мен дана шешімінің көрініс деп білеміз, - деп құттықтау сөз сөйлеген  облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Одан әрі Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялар университетінің  профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «Қазақ рухани мәдениеті – қазақстандықтарды біріктіруші басты фактор» тақырыбындағы баяндамасын оқыды.

-  Елбасының «Ұлт жоспарында» көрсетілгендей біртектілікке, біртұтастыққа жету жолындағы мәселелер одан әрі талқылана бермек.  Қазақ елі унитарлы мемлекет болса, мемлекетті құраушы ұлт – қазақтар болып табылады. Сол себепті Қазақстандағы барлық ұлтты бір жерге ұйыту, біріктірудің жауапкершілігі қазақ ұлтына жүктеледі. Қазақтың рухани құндылығы қазақстандықтарды біртектілік пен  біртұтастыққа әкелуде үлкен рол атқарады. «Қазақ тілі – қазақстандықтарды біріктіруші басты фактор» деп Елбасымыз атап өткендей, біз қазақ тіліміз үшін күресуді ешқашан тоқтатпаймыз. Қазақ әдебиеті әлемдік руханиятқа үлкен үлесін қосты, қазақ тілінің мүмкіндігі өте жоғары. Болашақта қазақ тілінің аясына басқа ұлттарды топтастырумыз қажет, - деген Мұрат Бөкенбайұлы  біртектілік туралы өз пікірімен бөлісті.

Австрия мемлекетінен келген, Вена университеті жанындағы балаларды оқыту орталығының жетекшісі, педагогика ғылымы Мартина Фрелихь конференция барысында Қазақстандағы түрлі ұлттардың бейбіт өміріне таңғалғанын атап өтті:

- Менің  Қазақстанға екінші рет келуім. Бұдан бұрын педагогика бағытында қазақ студенттеріне лекция оқығам. Сол кезде студенттердің жаңа білім алуға өте құмар әрі өте білімді екеніне көзім жетті. Вена универсиетінде «Балалармен ғылыми диалог» деп аталатын тақырыпта түрлі жобалар қоғадым. Ал Қазақстанға Эразмус деп аталатын арнайы бағдарлама арқылы келдім. Бұл Евроодаққа мүше елдердің университеттері арасындағы студенттер мен оқытушыларға тәжірибе алмастыру бойынша Европалық одақтың коммерциялық емес ұйымы. Бағдарламаға қатысушылар өзі таңдаған мемлекетте тәжірибеден өтіп, білім алуына мүмкіндік ала алады. Біздің университет сіздермен тәжірибе бөлісуге әзір.

Мен сіздердегі өзге ұлттардың татулығын көріп, нағыз ынтымақтың орнағанына көзім жетті.  Қазақстандағы  бейбіт өмір басқа елдерге үлгі болу керек, - деді Вена ғалымы пленарлық мәжілісте.

Пленарлық жұмысы одан әрі «Мәңгілік ел» - жаңа экономикалық саясатының жүзеге асуы – еліміздің гүлденуі», «25 жыл Тәуелсіздік жолымен», «Заманауи ағылшын тілі типологиясының мәселелері» тақырыбындағы баяндамалармен жалғасын тапты.

Ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге созылып,   11 секция бойынша жұмыс жасамақ. Конференция жұмысында Қазақстандық оқу орындарымен қатар Ресей, Австрия, Ұлыбритания  ғалымдары саяси-экономикалық, техникалық, әлеуметтік- гуманитарлық, мұнай-газ, химия-экология, биотехнология, ветеринария  бағыттары бойынша 300-ден астам баяндамалар оқылып, бүгін қорытыланбақ.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале