4.06.2015, 17:42
Оқылды: 23

Қазақтың көк туын әлемде бесінші рет желбіреткім келеді - самбодан төрт мәрте әлем чемпионы Е.Байбатыров

Baibatirov   Биыл қараша айында Марокконың Касабланка қаласында самбодан кезекті әлем чемпионаты өтеді. Міне, сонда қазақтың көк туын тағы бір биікте желбіреткім келеді. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Ерболат Байбатыров мәлім етті.

Оның айтуынша, дүние жүзінде үздік шығу оңай емес. Бұл жолы ол 57 келі салмақта сынға түседі. Негізгі қарсыластары ретінде орыс, грузин, тәжік палуандарын санайды. Көптен бері Берік Жұмағалиев пен Райымбек Меңдіғалиевтің басшылығымен жаттығып келе жатқан даңқты самбошының алған асулары аз емес. Рас, әлемнің төрт мәрте чемпионы болғаннан кейін олимпиадаға қатыспақ ниетпен дзюдода да бақ сынап көрді. Бірақ оған күрестің бұл түрі қол болмай шықты. Осындай ауысудың әсерінен бе, кейінгі жылдар Ерболат үшін аса сәтті бола қойған жоқ.

«Елбасымыздың спортқа әрдайым көңіл бөлетінін жұртшылық жақсы біледі. Мемлекеттің Әнұраны да спортшы жеңіс тұғырына көтерілген мезетте ойналатыны белгілі. Осындай бақытты сәтті мен де талай басымнан кешірдім. Бұл, әрине - тынбай жаттығу кезінде төккен терің мен бапкерлер еңбегінің де өтеуі. Кеудеңді қуаныш кернеумен бірге Қазақ елін әлемге танытуға өзіңнің үлес қосқаныңа шүкірлік етесің. Ең бастысы, шет елде өз еліңнің Әнұраны қалықтап, көк Туы желбірегені қандай ғанибет. Оған жететін ештеңе жоқ. Алайда тойлап тағы жүре алмайсың. Елге келген бойда жаттығуға қайта кірісесің. Өйткені алда жаңа жарыстар тұр», - деді Е.Байбатыров.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале