25.03.2016, 18:02
Оқылды: 32

Қазақ-түрік біріккен кәсіпорны ашылмақ

  Oblis akimi Kabildauuuu     Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басшылығы мен түркиялық кәсіпкерлерді қабылдады.

   Меймандарды жылы шыраймен қарсы алған өңір басшысы ең алдымен түркиялық азаматтарға сол елде орын алған қайғылы жағдайларға байланысты облыс халқының атынан көңіл айтты.


- Бұл - дүниенің кесапаты. Мұндай жағдайлар енді болмасын деп тілейік. Тарихқа көз салсақ, түрік халқы бұдан бұрын да талай қиындықты бастарынан кешірген.Сол ауыртпалықтардың барлығын олар жұмыла көтеріп, қандай қиындықты да жеңіп шыққан. Түрік халқы бұл жолы да бірігіп, елдің жасампаздығын одан әрі асқақтата беретіні сөзсіз. Өмір жалғаса береді. Түрік бауырларымыздың ойға алған жоспарларының барлығы жүзеге ассын деп тілеймін, -деген Нұрлан Асқарұлы бұдан әрі ресми әңгімеге көшіп, меймандарды бастап келіп отырған «Alageum Electric» холдинг компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Сәйдолла Қожабаевты сөзге тартты.

- Біз өз кәсібімізді одан әрі дамыту мақсатында «UralElectro» ЖШС-мен бірігіп жұмыстануды бастағалы отырмыз.  Бұл компания электр құрал-жабдықтарын, соның ішінде бізге өте қажет болып отырған  төмен және жоғары кернеулі электр құрылғыларын дайындаумен көптен бері айналысады. Электр құрылғыларын дайындау жұмысында бұл компанияның тәжірибесі мол, оның үстіне инженер мамандары шетінен бәсекеге қабілетті, білікті, тілге де жүйрік. Олардан көп нәрсені үйренуге болады, сондықтан бүгін бұл компанияны тіркеуге шешім қабылдадық. Бұл – біріккен қазақ-түрік компаниясы болмақ. Аталмыш компания өнім өндіруді біздің зауыттағы бос жұмыс алаңдарында жүзеге асырмақ.

   Біздің зауыт жұмысының І кезеңінде майлы трансформаторлар дайындады, енді ІІ кезеңінде осы компаниямен бірігіп, төмен және жоғары кернеулі электр құрылғыларына арналған шкафтарды шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Бірінші кезеңге 1 млрд. теңге көлемінде инвестиция бөлінді. Осы кезең аясында 154 адам жұмыспен қамтылмақ. Екінші кезең келесі жылы жүзеге асырылмақ. Бұған да  1 млрд. теңге көлемінде инвестиция бөлінбек және тағы 150 адамды жұмыспен қамту көзделуде.

     Бұйыртса, әлеуеті мол бұл компания Қазақстанда жоқ, бренд электр құрылғыларын даярламақ. Электр құрылғыларының 60-70 пайызы экспортқа шығарылады деп күтілуде. Бұл бағытта қазіргі таңда Иран, Түркімения және Ресей елдерімен келіссөздер жүргізілуде. Былтыр девальвацияға байланысты біздің зауытта өндіріс көлемі  онша көп болған жоқ. Экспортқа өндірген өніміміздің 70 пайыздан астамын  шығардық. Биылғы жағдай басқаша, бұйыртса,  өндіріс көлемін (трансформатор құрылғылары бойынша)                 6 млрд. теңгеге ұлғайтып, экспорт мөлшерін 90 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Сәйдолла Ілиясұлы өз сөзінде.

    Кездесуді қорытындылаған өңір басшысы қазақ-түрік біріккен компаниясының жұмысын қолдайтынын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

   Кәсіпкерлер жиын соңында облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, сапалы өнімдер даярлау арқылы елімізді, өңірімізді дамытуға атсалысатындарын жеткізді.

  www.zhaikpress.kz

Айша  ӨТЕБӘЛІ

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале