29.05.2015, 17:53
Оқылды: 29

«Қазақ халқына мың алғыс!»

Akim Asamb gyl shoktari   Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, олардың рухына, ерлікті істері мен қажырлы еңбегіне тағзым ету - әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Осы орайда Мемлекет басшысының 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бұл тарихи санамызды жаңаша қалыптастыруға, өшкенімізді  жандырып, өлгенімізді тірілтуге бағытталған аса маңызды қадам десек қателеспейміз.

Халқымыздың басына түскен нәубет жылдарды бүгінгі ұрпақ ұмытқан жоқ. Бұған дүркін-дүркін ұйымдастырылатын арнайы тақырыптық іс-шаралар дәлел бола алады. Сондай тәлімді шараның бірі, нақты айтқанда, еске алу акциясы, кеше, 29 мамыр күні Орал қаласындағы орталық саябақ маңында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс!» монументі жанында өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Ерәлі Тоғжанов, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ұлттық-мәдени орталықтар, дін, басқа да азаматтық қоғам институттарының өкілдері және жастар қатысты.

Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жарияланған бір минут үнсіздіктен кейін жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қазақ тарихындағы осы бір қасіретті жылдардың сабағы жадымызда мықтап жатталуы қажеттігін қадап айтты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Юрий Тимошенко 1930-40 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін әкелген аса ауыр қайғы- қасіретке  тоқталды. «Адам төзгісіз азапты қазақ халқымен бірге өзге аймақтардан күштеп жер аударылып келген жүздеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері де бастан өткерді. Қиындыққа қарамастан олар осынау қазақтың қастерлі жерінде өз нанын тауып жеді, жан жылуына бөленді, бақыттарын тапты. Бүгінгі шараның Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өтуінде үлкен мән жатыр. Себебі Ассамблея - халықтар достығы мен келісімінің жарқын үлгісі бола білді. Осындай алғысқа толы акциялар біздің бауырластығымызды одан әрі нығайта береді» - деді ол.

Акция соңында «Қазақ халқына мың алғыс!» монументіне гүл шоқтары қойылды.

      www.zhaikpress.kz

    Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале