21.09.2015, 20:05
Оқылды: 18

Қазақ хандығының құрметіне атты шеру

Zelenov Kazak handigina sheru     Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне «Арба» қоғамдық бірлестігі Орал қаласынан Зеленов ауданы Көшім ауылдық округіне дейін аттылы шеру ұйымдастырды.

Тірек қозғалысының қызметі бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау мақсатында құрылған  бірлестіктің 18 мүшесі өздерінің денсаулық жағдайларына қарамастан, мерейлі мерекеге осылайша азаматтық үлес қосты.

Туған жердің тұтастығы үшін ат үстінде жортып өткен батырларымыз бен билеріміздің, хан, сұлтандарымыздың құрметіне қыл құйрықты тізгіндеген жасын жігерлі жандар сүттей ұйып, бірлігі жарасқан еліміздегі халықтар достығын дәріптеп түрлі ұлыстың ұлттық нақышты киімін киіпті. Сән-салтанаты келісіп, Жайықты жағалай жылжыған салт аттылар шеруін Үлкен Шаған ауылы тұсынан аудан басшылары ақпен қарсы алды. Ерекше бастамаға қошемет еткен көшімдіктер мәдениет үйінің алдында тосты.

Қоғамға өзіндік жігерін, өмірге деген ерекше құштарлықтарын танытып жеткен шерушілерге аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов қош келдің айтып, бастамаларының маңыздылығына тоқталды.

Шарада сөз алған БҚО Азаматтық Альянсының Президенті Әлия Өтемісқызы, облыстық ұлттық спорт орталығының директоры Дастан Қадерұлы, ауыл азаматы Сағидолла Ғұмарұлы игі іске мұрындық болған бірлестік мүшелеріне зор ризашылықтарын білдірді.

Көшімдік Гүлмира Бекболатқызының жетекшілігімен талайды тамсандырып, таңдай қақтырған «Нұр-ай» би ұжымының тамаша өнерімен көмкерілген шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып Үлкен Шаған мектебінде ұйымдастырылған тарихи көрмеде түйінделді.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале