5.10.2015, 17:17
Оқылды: 47

Қазақ хандығының 550 жылдығына және Бөрлі ауданының күні атап өтілді.

Borli kokpar   Қазақ хандығының 550 жылдығына және Бөрлі ауданының күнін атап өтуге орай қазақ күресінен ашық аудандық турнир оздырылды.

Жарысқа Сырым, Казталов, Тасқала, Бөрлі аудандары мен Орал қаласының палуандары қатысты.  Қазақ күресінің қыр-сырын меңгерген палуандар өгіз палуаны және түйе палуаны атағы үшін боз кілемнің шаңын шығарды.

Бөрлі ауданы әкімдігі, Бөрлі ауданы қазақ күресі федерациясының қолдауымен оздырылған шарада  ең алдымен  түйе палуан атағы үшін күресетін 10 палуан жеребе суырып, оларға Асқар Әубакиров ақсақал ақ батасын берді.

Ешкімге дес бермей, түйе палуаны атағын жеңіп алған Ерназар Хамзинге Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев алтын белбеумен бірге «Lada Granta» автокөлігінің кілтін сыйлады.

Ал сенбі күні жұртшылық қаланың батыс жақ бетіне жиналды. Бұл жақта ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық ойындары көпшіліктің назарына ұсынылды. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ұлттық ойындарымыз ұлықталып, ұлан асыр той болды. Аударыспақ, жаппай көкпар, тоқ бәйге, аламан бәйге және жаяу жүгіру жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.

Көрерменнің делебесін қоздырған 25 шақырым аламан бәйгеде дес бермеган «Ақтанау» атты тұлпар Бөрлі ауданы, Аралтал ауылының тұрғына Жұбаныш Хасановтың мақтанышы. Өзге тұлпарларды шаңына ілестірмеген «Ақтанау» мәре сызығын бірінші болып кесіп,  ұйымдастыру алқасы тіккен  «Lada Granta» автокөлігін Жұбаныш Хасанов алды.

Қазақтың ұлттық аударыспақ, жаппай көкпар ойындары да өткізілді.

Бұдан бөлек жаяу бәйге өткізіліп, онда бөрлілік Анатолий Долинный, Досбол Кеңесов, Мейрамбек Шайхиевтар топ жарып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

www.zhaikpress.kz 

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале