17.03.2016, 16:43
Оқылды: 25

Қайсар жандар бақ сынады

 Janakala kaisar jandar  Мүмкiндiгi шектеулi адамдарға қолдау көрсету, олардың қоғам iшiнде еркiн өмiр сүруiн қамтамасыз етуiне жағдай жасау мемлекеттiк мекемелердiң басты басымдықтарының бiрi болып табылады. Осы орайда Жаңақала ауданындағы мүгедектердің сауықтырылуына жағдай жасау, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ашылған тынығу, оңалту бөлмелерінде мүгедектер арасында дойбы, шахмат, бильярдтан жарыс өтті. Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі қарсаңында бұқаралық спортты дамыту, мүгедектердің психологиялық, әлеуметтік денсаулықтарын оңалту, салауатты өмір салтын жетілдіру, спортты дене тәрбиесінің маңызды факторы ретінде дойбы, шахмат, билярд ойындарын мүгедектердің арасында кеңінен насихаттау, спорттық жарысқа қатысушылардың шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған шараға ауылдық округтерден және аудан орталығынан 30-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, бақ сынады.


Шараның ашылуында сөз алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Сапаров жарыстың негізгі мақсатын түсіндіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі қамкөңіл жандар ойлау қабілетін қажет ететін ойын түрлерінен жылдамдықтары мен ептіліктерін ортаға салды. Ала тақтаның көркін қыздырғандар ішінде жас ойыншылар да, бір-біріне кәнігі қарсыластар табылып, ойын тартысты өтсе,Еропада ежелгі ақсүйектердің классикалық құштарлығына айналған бильярд ойынынан да қарсыластарбір-біріне есе жібермеуге тырысып бақты.

Жарыстың қорытындысы бойынша шахмат жарысынан көпжасарлық Мереке Рысқалиев ІІІ орынға ие болса, жаңақалалық Насиболла Ахметов  ІІ орын, Бекмұхан Рысмұханов І орынға тұрақтады. Дойбы  ойынынан қырқопалық Серік Сәтиев ІІІ орынға ие болса, Гүлжиян Ғаббасова ІІ орын, Нұржан Сисенов Іорын алды. Ал ережеге жаңадан енген бильярд ойынынан жаңақалалық Ерлан Сатыбаев ІІІ орынды місе тұтса, ІІ орынды Абат Исмурзин,  І орынды қызылобалық мерген Қаныбек Ихсанов жеңіп алды.

Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

 www.zhaikpress.kz

Надежда ЕСЕТОВА

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале