27.05.2015, 23:39
Оқылды: 31

Қайта тіркелуге асығар емес.

ZHБҚО Әділет департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жеке кәсіпкерлік нысанына жататын заңды тұлғаларды тіркеу мәселелері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Бұған облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіпкерлік палатасы және микрокредиттік ұйым өкілдері қатысты.

Шараны жүргізген облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Светлана Батырханова бұл басқосудың мемлекеттің елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасап жатқан жұмыстарын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтып,   қатысушыларды  күн тәртібімен таныстырды. Бұдан әрі аталмыш жиынға сала мамандарының арнайы шақырылғанын қаперге салған Светлана Жамбылқызы  осы шараға қатысып отырған кәсіпкерлерді күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша мамандармен кеңесіп, пікірлесуге шақырды.

Бұдан соң аталмыш департаменттің заңды тұлғаларды тіркеу бойынша жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұркен Хамбетов сөйлеп, жеке кәсіпкерлік субьектілерін мемлекеттік тіркеу саласында заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде әңгімеледі. Оның сөзінше, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР Заңының 6 және 16- баптарына сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу немесе олардың таратылуын тіркеу үшін бюджетке тіркеу алымын төлеу алынып тасталды.  Сондай-ақ, ҚР АК 33-бабының  2-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардан бұдан былай  өз атауы жазылған мөр талап етілмейтін болды.

Баяндамашылардың қысқаша хабарламаларына байланысты жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтар көп болды.  Соның ішінде микроқаржылық ұйымдарды жеке адамдардың сатып алу мәселесіне қызығушылық танытқандар көп болды. Сондай-ақ, тұтынушыларынан берген қаражаттарын жинай алмай жүрген ұйымдардың одан әрі әрекет ету жағдайы да  кеңінен талқыланды. Жиынды қорытындылаған Светлана Жамбылқызы облыста 33 микрокредиттік ұйымның бар екенін, бірақ өкінішке орай, солардың барлығы дерлік күні бүгінге дейін қайта тіркеуден өтпей отырғанын айтып, қайта тіркелу мерзімінің аяқталуына азғантай уақыт қалғанын ескертті. Және бұл үдерісті мүмкін болғанша тездету керек екенін қадап айтты.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале