18.12.2015, 21:23
Оқылды: 30

Қайырымдылық кешіне дайын

 expo2017  Желтоқсанның  21-інде Орал қаласындағы Салтанатты неке сарайында «ЕХРО-ны қарсы аламыз!» тақырыбында І гранд бал өтеді.  


   Аталмыш шараға дайындықты тексеру мақсатында таяуда өңірімізге «ЕХРО-ны қарсы аламыз!» атты жобаның бас ұйымдастырушысы,  «АL» event компаниясының басшысы, РR-менеджер Алпамыс Шаримов пен ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық байқаулардың және Н.Назарбаев қорының лауреаты, «Eurasian Award-2015», «Дарын», «Еңбек ері», «Тарлан», «Халық қаһарманы», «IBC» номинацияларының иегері, «Астана опера» мемлекеттік балет театрының солисті Досжан Табылды келді. Жобаның бас ұйымдастырушысы Алпамыс Шаримовтың айтуынша, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дайындық ретінде өткізілетін бұл шара  мәдени-рухани қайырымдылық кеші ретінде өтпек.

     -Мұндай мәдени-рухани қайырымдылық кештер Еуропаның дамыған мемлекеттерінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін насихаттау мақсатында қолға алынып отырған І гранд бал да - осыған ұқсас шара. Мұндай шараның алғашқы легі  желтоқсан айында Астана, Алматы қалаларында өтті. Енді өңірлер арасында тұңғыш рет Батыс Қазақстан облысында өткелі тұр. Мұндай қайырымдылық шаралары  алдағы уақытта Қызылорда, Шымкент және басқа да облыстарда жалғасын таппақ.  Австрияның Вена қаласынан бастау алған қайырымдылық балының ежелден қалыптасқан өз ережесі бар. Осыған орай, желтоқсан айының басында бұл шараға қатысатын жастарды іріктеуден өткіздік. Іріктеуде биге қабілеті бар, үш тілде сөйлейтін жастарға баса назар аударылды. Оралдан осы талапқа сай жігіттер мен қыздар таңдалып алынды. Бұйырса, олар осы кеште жұптасып билеп, өнер көрсетпек. Әдемі жүріп-тұруға, көркем сөйлеуге үйренген әдепті жастар алдағы уақытта «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне келген қонақтарға еріктілер (волонтерлар) ретінде қызмет етеді деп жоспарлануда. Кеш барысында топ жарған үздік жұп  - Ханзада мен Ханшайым анықталмақ. Тағы бір айта кететін жәйт, 21 желтоқсанда өтетін қайырымдылық кешіне Орал қаласындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері қатыспақ. Олар осы кеште халықаралық «Түріквижен» байқауының бас жүлдегері Жанар Дұғаловамен қосылып ән шырқамақ. Аталмыш мектеп-интернат балаларына арналып, қазіргі заманға сай нанатехнологиялық құрылғылар  Назарбаев университетінде даярлануда және оларға осы кеште ұлттық өнім өндіруші «Бота» компаниясынан шыққан кешенді сыйлық табыс етілмек. Бұдан басқа Елбасын қызықтырған шымкенттік шеберлер жүргізушілер мен оралдық 50 бозбалаға костюм даярлайды және «Фея» компаниясы бойжеткендерге мерекелік көйлек әзірлейді. Айтпақшы, алдағы әсем кешке Жанар Дұғаловадан басқа «Славянский базар» байқауының жеңімпазы, әнші Димаш Құдайбергенов, әнші, продюсер Тәуекел Мүсілім, «Бірге таңдайық!» бағдарламасының жүргізушісі Нұрбибі Егізова және оралдық жүргізуші Сергей Жужа мен ағымдағы жылы Орал қаласының аруы атанған Вероника Залата қатыспақ, -деген Алпамыс Өскенбайұлы кешке бұлардан басқа елімізге кеңінен танымал тағы бір жұлдыздың қатысатынын айтып, бірақ көрермендерге тосын сый жасау мақсатында оның есімін атамады.

    Ол, сондай-ақ,оралдық жастарды қараша айының басынан бастап биге үйретіп жүрген жергілікті хореограф Қарлығаш Қадырбекованың нәтижелі жұмысын атап көрсетіп,  бағалапоралдық жастардың  дайындығын жоғары бағалады.

    Балға қатысушы жастардың дайындығын тексеріп,  мастер- класс өткізген атақты өнер иесі Досжан Табылды дайындықтан соң  жастармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

www.zhaikpress.kz

  Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале