26.05.2016, 13:29
Оқылды: 28

Қайғылы оқиғалардың алдын алайық…

Kaigili jagdai orin almasin    Орал қаласындағы жаңа шағынаудандарда ағын суларды бұру бағытында жүйелі жұмыстар жүруде. Бірақ бұл бағыттағы кейбір іс-шаралар шалағайлықтың кесірінен адам өміріне қауіп төндіріп жатқаны да жасырын емес.

     2014 жылы Зашаған кентіндегі Көктем, Кең дала, Арман шағынаудандарындағы ағын суларды бұрып әкету бойынша құрылыс жұмыстары басталды.


  Соған орай өткен жылдың соңында медколледж аумағындағы «Октан» жанармай бекеті маңынан жерасты су өткізгіш құбырын тарту үшін Орал – Атырау тасжолының екі жағы қазылады. Ал осы маңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығы жөнінде ешқандай белгі қойылмайды, әлі күнге дейін жоқ. Тек көлік түгілі, велосипедтің өзі қағып өтетін «нәзік» әрі елеусіздеу тұрған қоршау-кедергі бар. Бұл қауіпті жағдайларды болдырмайды дегенге сену қиын. Медколледж жақтың тұрғындары, Орал – Атырау күрежолының бойымен жиі жүретін жүргізушілер осы аймақ адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

   Соған байланысты Орал қалалық құрылыс бөліміне осы мәселені баяндап, қатынас хат жолдаған едік. Аталмыш жобаға, нақтылап айтсақ, «Орал қаласының Зашаған кентіндегі Көктем, Кең дала, Арман шағынаудандарындағы ағын суларды бұрып әкету» нысанына тапсырыс беруші болып табылатын бұл мекеме басшысының орынбасары А. Пішенбаевтың атынан келген жауап хатта «Бұл нысанда жоба бойынша қоршау-кедергі және арнайы жол белгілерін қою қарастырылмаған. Алайда қауіпті жағдайларды болдырмас үшін жолдың екі жағынан сигналды бағана орнатылды. Егер тұрғындар тарапынан өтініштер болса, нысанның құрылысы толық аяқталғаннан кейін БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының ұйғарымымен Орал қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі арнайы жол белгілерін қоя алады» деп жазылған.

    Бұл мәселе жөнінде жоба мердігері «Уральскводстрой» АҚ-ның президенті Геннадий Мутасовқа хабарлағанымызда, ол көпшілікке қауіп төндіріп тұрған аймаққа арнайы барып, жағдаймен танысқаннан соң көлік жүргізушілеріне күндіз де, түнде де анық көрінетіндей етіп берік темірден қоршау-кедергі қоятындарын жеткізген  болатын. Алайда екі аптаға жуық уақыт өтсе де, Геннадий Мутасов айтқан қоршау-кедергі әлі жоқ. Ал қауіп-қатер һәм қайғылы оқиға ешкімді күтпейтіні әрі көзді ашып-жұмғанша орын алуы әбден ықтимал екені белгілі…

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале