29.02.2016, 17:08
Оқылды: 21

Қалада екі ай санитарлық тазалық жүреді

 Altai tazalik  Орал қалалық әкімдігінде шаһар басшысы Алтай Көлгіновтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда қар шығару, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары және қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау, жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу мәселелері қаралды.


Биыл көктемнің ерте келуіне орай жұмысқа осы бастан кірісу қажеттігін қадап айтқан Алтай Сейдірұлы сөз кезегін тиісті сала басшыларына ұсынды. Алдымен сөз алған қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев бұл бағытта атқарылып жатырған шаруаларға тоқталды. «Күні бүгін қала аумағынан 316 мың текше метрден аса қар шығарылды. Жүзден аса көлік жұмылдырылған. Жұмыс тәулік бойы жүруде. Қар көп жиналған, су басу қаупі бар аумақтар белгілі. Олардан қардың көп бөлігі тасып әкетілді. Алдағы аптаның ішінде арықтар мен арналарды тазартуды толық аяқтаймыз. Еріген суды сорып алу үшін жол пайдалану кәсіпорыны жанынан жедел бригадалар құрылды. Жергілікті монополист мекемелерден («Қазақтелеком» АҚ, «Батыс суарнасы» АҚ, «Жайықжылуқуат» АҚ және т.б.) қажет жағдайда қосымша техника тарту келісілді. Одан бөлек шаһар маңында 72  бағбандық серіктестік бар. Оларда 10 мың 6288 отбасы (10 851 адам, оның 3586 бала) тұрақты тұрып жатыр. Қазір су басу қаупі үлкен саяжай серіктестіктерінің тұрғындарына көктемгі тасқын уақытында үйде тұрмау қажеттігі ескертілуде. Төтенше жағдайларды жоюға қала бюджетінен қаралған резерв 82 млн. 532 мың теңге. Қажетті материалдар қоры жеткілікті» - деді Ғ.Орынғалиев.

Бұдан әрі аталған мәселеге орай Орал көпсалалы жол пайдалану кәсіпорнының басшысы Болат Әмірғалиев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Нұрлан Таубеков хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау, жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізуге қатысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Виталий Кушнер, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Шәуенов баяндап берді.

-Қар шығару, суды сору жұмыстарының қарқынын еш төмендетуге болмайды. Тәуекелді аумақтарда тұратын халыққа су басу қаупін ескерту жұмысы жедел жүруі тиіс. Қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау, жолдарды ағымдағы жөндеуге де осы бастан кірісуіміз қажет – дей келе Алтай Сейдірұлы жиналғандар назарына қаланың әр жерінен түсірілген талапқа сай келмейтін жарнамаларды, баннерлерді көрсетіп, тиісті органдар тарапынан олардың иелеріне айыппұл салуды қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ, кезек күттірмейтін жол учаскелерін ағымдағы жөндеуді тез арада бастауға тапсырма берді. «Жолды күрделі жөндеу технологияға сәйкес сәуір, мамыр айларында басталады» - деді А.Көлгінов.

Жиын барысында 1 наурыз - 1 мамыр аралығында, екі ай бойы қалада санитарлық тазалық айлығы жүретіндігі белгілі болды. «Тиісті қаулыға қол қойылды. Қаулыға сәйкес, тазалықтың екі айлығы ішінде, нақты айтқанда 26 наурызда және сәуір айында екі рет, жалпы саны үш сенбілік өткіземіз. Бірақ, сенбілікті күтіп жүрмей әр мекеме өзінің айналасын таза ұстауға, абаттандыруға, тал-терек егуге міндетті. » - деді әкім.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

«Орал өңірі» 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале