13.07.2016, 16:56
Оқылды: 18

Қала көркі талқыға салынды

????????????????????????????????????

     Өңір басшысы Алтай Көлгіновтың төрағалығымен облыс әкімдігінде кеңес өтті. Облыс орталығын абаттандыру, архитиктуралық сыртқы келбетін біркелкі қалыптастыруды мақсат еткен басқосуға бірқатар департаменттер мен мекеме-кәсіпорын, құзырлы орган басшылары қатысты.


         Кеңес отырысында Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев ағымдағы жылы қалада жүргізіліп жатқан жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысына тоқталып өтті.

         -Өздеріңізге белгілі биылғы жылы қала бойынша бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтуде. Қаланың басты көшелеріндегі ғимараттардың түстеріне де көп көңіл бөлуіміз керек. Себебі әр ғимарат әр түрлі түске боялып, көшенің сәнін кетіріп тұр. Осы мәселенің бір жақты шешу жолдарын қарастырудамыз. Барлық ғимараттарды бір түске бояуды қолға алуымыз керек. Сонымен қатар сол ғимараттарға жүйесіз ілінген жарнамалар да қала келбетін кетіруде. Бүгінгі таңда осы жарнамаларды алдыру мақсатында жұмыстанудамыз. Біздің тарапымыздан түрлі тексерістер ұйымдастырылып, рейдтерге шығып, жарнамаларын алып та тастаған кездеріміз болды. Бірақ жеке кәсіпкерлер ертесіне сол жарнаманы қайта жапсыра салады. Ол аз болғандай аялдамаларға, бағандарға да жарнама ілу тоқтамай отыр. Ғимараттардың сыртқы келбетін бірдейлендіру бойынша да бірқатар жұмыстар ұйымдастырылып отыр. Әзірге мемлекеттік мекеме-кәсіпорындардың ғимараттарымен шұғылданып отырмыз. Бұдан соң жеке нысан иелеріне де осы бағытта жұмыстар жүргізетін боламыз. Осындай олқылықтар жіберілген нысандарда болып, басшыларымен сөйлестік. Осы кеңеске қатысып отырған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет басқармаларының басшыларына және банктердің жетекшілеріне қаражат көзін қарастырып, ғимараттар сыртына ең болмағанда жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраймыз. Қаланың басты көшелерінің бойында орналасқан ғимараттардың басым бөлігі тарихи ғимараттар. Сондықтан әуелі қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, содан соң ғимараттың алдыңғы жағын бірдейлендіріп бояуды ұсынамын. Жөндеуді қажет ететін ғимараттардың жобасы бізде дайын тұр,-деді қала әкімі Нариман Төреғалиев.

         -Қала орталығындағы басты көшелердің жолы, жол жиектері, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардың барлығы қала тұрғындарына жәйлі жағдай туғызуға бағытталып жасалуда. Ендігі жерде көшелердің жарықтануын қолға аламыз. Көне бағаналар мен электр сымдарын жаңғыртып, энергия қуатын үнемдегіш жарықшамдарын қоюды жоспарлап отырмыз. Ендігі мәселе автобус аялдамаларын жаңарту. Себебі, қоғамдық көлікпен жүретін тұрғындарға да жағымды жағдай жасауымыз керек. Көптеген аялдамалардың әбден тозығы жеткен. Бірсыпырасын орта және шағын бизнес өкілдері жалға алып отыр. Сол аялдамалардан түрлі сауда орындары мен дүкендер ашып пайдасын тауып отыр. Бірақ жалға алғасын жерде аялдамаларға да қажетті күтім жасап  тұруды талап етуіміз керек. Біз Оралды таза, жасыл қала деп жатамыз. Сондықтан қала осындай дәрежеге сай болуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын алдымен күрделі жөндеуден өтіп жатырған көшелерден бастауымыз керек. Жоғарыда айтылған жарнамалардан адамның көзі сүрінеді. Тіпті олардың көптігінен кейбір ғимараттар да көлеңкесінде қалып отыр. Қалалық мәслихат бекіткен абаттандыру ережесі бар. Мемлекеттік мекеме-кәсіпорын басшылары да, жеке нысан жетекшілері де осы ережеге бағынулары керек. Бағынбаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылуы қажет,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

         Бұдан соң қалалық архитектура бөлімінің мамандары Достық көшесі бойындағы келбеті кеткен бірқатар ғимараттарды атады. Олардың қатарында Гайдар атындағы кітапхана, ІІД-не қарасты госпиталь, тері аурулары диспансері, әскери прокуратура, жұмыспен қамту орталығы, №3 емхана, №3 музыка мектебі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Карев үйі, Гагарин кинотеатры ғимараттары бар.

         Бұдан соң облыс әкімі жоғарда аталған ғимараттарға иелік ететін құзырлы мекеме басшыларына жақын арада ғимараттардың сыртына тым болмағанда жәй жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіруді тапсырды.

         -Ғимарат келбетінің жақсы болуына ең алдымен сол мекеме-кәсіпорынның өздері мүдделі болулары тиіс. Күнделікті келіп жұмыс жасайтын ғимаратының азып-тозып тұрғаны кім-кімге де жақсы емес. Сондықтан абаттандыру жұмыстарын өзімізден, яғни, өз ғимаратымыздан бастауымыз керек. Содан соң ғана жеке нысандардан талап ете аламыз,-деді кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

www.zhaikpress.kz
Нұрбек ОРАЗАЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале