28.09.2015, 20:16
Оқылды: 20

«Қалдырған ізің мәңгілік...»

makenzooo     Осындай тақырыппен облыстық қазақ драма театрында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай форум өтті. Оған ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, мұғалімдер, облыс басшылығы мен депутаттар қатысты.

-Барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының атынан құттықтаймын. Ұстаздар – үлкен тұлға.  Ешқайсымыз да ұстазымызды ұмытпай, жүрегімізде сақтауымыз тиіс. Ұстазымызға күн сайын ықылас таныта алмасақ та, төл мерекесінде құттықтап, бір марқайтып тастайық. Бұған оқушылардың республикалық «Алғашқы ұстазыңды құттықта!» акциясы да үлес қосуда. Ұстаздардың дендері сау болуын, жұмыста табысты болуын тілейміз, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүләйша Танатова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Темірғалиеваға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін табыстады.

Сондай-ақ білім саласын үнемі қолдайтын демеушілер де ұмыт қалмады. Облыстық ішкі істер департаменті «Мектепке жол» акциясы бойынша үшінші жыл қатарынан облыстың бес білім ошағына бір күндік табыстарын (жылына 5-6 млн. теңге) аударып келген. Департамент бастығы Махамбет Абисатов «Қамқор жүрек» аталымымен марапатталды. Мүгедек балалар ұйымдарына үш жылда 3 млн. теңгеден астам қаржысын бөлген «КазТрубПром» ЖШС-ның бас директоры Александр Быков, соңғы үш жыл бойы Чапаев мектебі оқушыларына арнайы шәкіртақы тағайындап, биыл «ГАЗель» көлігін сыйлаған жеке кәсіпкер Сағидолла Батайұлы және саланың тұрақты демеушісі «Айдана» ЖШС-ның директоры Аветик Амирханян да «Қамқор жүрек» аталымымен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

www.zhaikpress.kz

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ

«Орал өңірі»  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале