23.12.2015, 16:41
Оқылды: 19

Қандастар қамқорлыққа ділгер

Oralman  Облыстық ішкі саясат басқармасының мәжіліс залында «Оралмандарды қоғамдық өмірде әлеуметтік қолдау және бейімдеу қызметінің жұмысын ұйымдастыру» атты дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Аталмыш шараны облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан аграрийлері» қоғамдық бірлестігі оздырды. Шараға оралмандар, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері, құзіретті органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.


Алқалы бас қосуды жоғарыда аталған қоғамдық бірлестік орталық басқармасының төрағасы Меңболат Сахметов ашып, мәжілісті жүргізіп отырды. Сонан соң, жиналғандарға «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген «Қазақ көші қалай түзеледі?» атты хабарынан үзінді ұсынылды. Әрі қарай облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ж. Ихсанова күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой қозғап, пікірін ортаға салды. Дөңгелек үстел барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Ерболат Сағынов, оралман кәсіпкер Мұрат Әшірметов, ІІД көші-қон полициясының аға инспекторы Айгүл Шанаева, Тасқала аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бәтима Кеңтоғаева және басқасы сөз сөйлеп, көкейінде жүрген ойларымен бөлісті, сұрақтарға жауап берді.

  Сөйлеушілер мен Ерболат Тілекқабылұлының хабарламасынан аңғарғанымыз-өңірге қандастардың ат басын тіреуі 1993 жылдан бастау алады. Күні бүгінге дейін көшіп келген бауырларымыздың саны 17561 адамға жетті. Яғни, 3858 отбасы. Тарихи Отанына оралғандардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қытай, Ресей және басқа елдерден. Тек биылдың өзінде 21 отбасы, 37 қандасымыз азаматтыққа қабылданып, бәріне де оралман мәртебесі берілген. Олардың басым көпшілігі Ресей мен өзбек елінен келгендер. Қандастардың ата қонысына оралып, бірден бауыр басып кетуіне Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі көңіл бөліп, іс барысын қадағалауда. Нәтижесінде бауырларымыздың жұмыс табуына немесе жеке кәсібін ашуға жағдай туғызылып келеді. Басқасын айтпағанда, облысымыздың барлық дерлік жоғары және арнаулы орта білім оқу орындарында талай оралманның ұл-қызы білім алып жатыр. Жалпы Қазақстан бойынша миллионнан астам шетелдік қазақ ата қонысына оралыпты. Ал әлі де сыртта жүрген төрт миллион қандас барын ескерсек,  жоғарыдағы көрсеткіш аздық етеді.

Алайда істе қиыншылық пен үйлеспеушілік те жеткілікті. Мәселен, жерді еміп өскен өзбек немесе қытай елінен қоныс аударған қандасымызға жалға телім алу қиын. Мұнда ме млекеттің түк кінәсі жоқ. Қолдан қиындық туғызып отырған тек жергілікті шенеуніктер ғана. Жекелеген ресми билік өкілдерінің кез келген міндетті жұмысы үшін пара алуға ұмтылып тұратыны да құпия емес. Осындай келеңсіз көріністер хақында кейбір оралмандар ашынып әрі ашық айтады. Екінші мәселе-олардың арасында жұмыссыздық азаймай келеді. Үшіншісі-құжаттарды заңға сай рәсімдеудегі сәйкессіздік. Тіптен сорақысы-жекелеген адамдардың аты-жөні тым бұрмаланып, ресми тілге бейімделіп жазылады. Кей жағдайда  оралманның тарапынан да заңды білмеушілік немесе түсінбеушілік жағдайлары байқалады. Демек, көп толықтырулар енгізіліп, таяуда жаңадан қабылданған, Елбасымыз қол қойған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының жаңа нұсқасының ресми билік пен оралмандар арасындағы талай түйткілдердің түйінін шешері сөзсіз.

Отырыс соңында жиналғандар Елбасымыз Н.Назарбаевпен жақында болған БАҚ өкілдерімен биресми кездесуіндегі қандастарға қатысты пайымдауларын тыңдады. Сондай-ақ, жыл қорытындысына байланысты жекелеген оралмандар мен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етілді.

www.zhaikpress.kz

СЕРПІН САЯҚ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале