30.10.2015, 15:30
Оқылды: 32

Қаратөбедегі дүбірлі думан

каратобе куни (1)Қаратөбе ауданында  Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік ауқымды  шара оздырылды. Аламан бәйгесімен халықтың  көңілінен шыққан айтулы шараға  жиналған жұртшылық пен бірге аудан әкімі  Асхат Шахаров бастаған сала басшылары  ауыл шаруашылығы малдары және техникаларының көрмесімен танысты.

Ауылшаруашылығы көрмесінде аудан округтерінің шаруа қожалықтарының асыл тұқымды мал тұқымдары - қазақтың  ақ бас сиыры, абердин-ангус  тұқымы, еділбай қойы, жабы тұқымды жылқы, түйе, құстардан үйрек-қаз, күркетауық, техника көрмесіне тракторлар маркалары, тіркемелер, рулон булағыштар, шөп шабу агрегаттары қойылды.

Ауданның ауылдық округтері мен мекемелер ұжымдары тіккен  алыстан көз тартатын киіз үйлері сала мерекесіне келген қонақтарға  құрмет көрсетті.

каратобе куниАуданның негізгі бағыты саналатын ауылшаруашылығы саласының  мейрамына арналған салтанатты шарада  құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров  ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі аясында ауданда атқарылған іргелі жұмыстар мен сала қызметкерлерінің елеулі еңбектері туралы айтып, ауылды өркендету жолында еңбек етіп жүрген бір топ сала үздіктерін мерекеге орай  марапаттап, сыйлықтар табыстады.

Сәйгүліктер 18 шақырымға шауып, шабандоздар бақ сынасқан шараның басты қызығы аламан бәйгеге 13 ат қосылды. Тартымды жарыста  ақтөбелік Айдарбеков Темірханның 9 сыныпта оқитын ұлы Абай отырған лақап аты «Гүл» есімді сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, 200000 теңге сыйлықты иеленді. Екінші және үшінші болып аққозылық  Құсайын Мұқановтың Айқасқасы мен Сулыкөл ауылдық округінің Төлен ауылынан Мұханбетжан Жомартовтың Ақтанауы келіп, 100000 және 50000 теңге сыйлыққа ие болды.

каратобе куни (2)Сала мерекесіне орай ұйымдастырылған аудан көркемөнерпаздарының коңцерттік бағдарламасы, алаңдағы спорттық ойындар түрлері, қазақ күресінен, қой көтеруден, теңге алудан жарыстар тамашаланды. Қазақ күресінен қаратөбелік палуан Ерлан Сержан жеңімпаз атанды. Қой көтеруден күш атасын танытқан шымыр жігіт сырымдық Ғаббас Темірлан 56 мәрте көтеріп, қойды қанжығасына байлады. Ұлттық ойын теңге алудан үшағаштық  Мизам Шарамихов алдына жан салмады.

Ауылшаруашылығы қызметкерлері күніне арналған Қаратөбедегі дүбірлі думан  жоғары дәрежеде өз мәресіне жетті.

www.zhaikpress.kz

Ерболат РАЙСОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале