26.01.2016, 10:30
Оқылды: 41

Қаратөбеде «Жаңа әдебиет» деп аталатын журналдың сандары табылды

Karatobe jyrnal   Қаратөбе аудандық мұрағат мекемесіндегі Қаратөбе өңірінен шыққан даңқты жазушы-драматург Рақметжан Малабаевтың жеке қорынан 1929 жылы Қызылордадан басылып шыққан «Жаңа әдебиет» деп аталатын журналдың №7, 9, 10, 11 сандары табылып отыр.


Журнал бетінен қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдірахман Байділдин, Молдағали Жолдыбаев, Шәймерден Тоқжігітовтердің алқа мүшесі болғандығын аңғаруға болады.

«Казиздат» баспаханасынан шығып тұрған басылымның таралымы – 3000 дана.

Латын, араб, орыс тілінде жазылған басылым беттерінде қоғамдық-саяси тақырыптағы мақалалар, әдеби туындылар, өлеңдер бар.

«Жаңа әдебиет» журналының кезекті сандарында «Саяси арна», «Іледегі еңбек», «Оңтүстік жолда», «Өлке комиссияларының делегаттары келгенде», «Сабыр Сәрінұлы. Сүлік», «Ембі», «Алатау», «Бұғыбайдың өлеңі», «Үйретіп- үйреніп. Күздің түрі. Қуаныш», «Зәбрек. Достардың әңгімесі», «Өмірқұлдың өмірі. Оралымның өлеңі», «Айтыстың бөлімі» т.б мақалалар мен туындыларға орын берілген.

Соның ішінде «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы сентябрь №9 (21) санынан «Көк үйдегі көршілер» әңгімесін кездестіруге болады.

Журналдың кезекті бір санында: «Бейімбет. Көзілдірік. 3 бөлімді пьеса. Бәсі 27 тиын. Шағын арада басылып шықты. Жергілікті білім дүкендерінің бәрінде де сатылады. Көптеп алатындарға скидка жасалады. Ақшасын жіберіп тура алдырамын деушілерге адрес: Қызылорда. Казиздат» делінген құлақтандыру да жарияланған.

Ғасырға жуық уақыт бойы сақталған басылымдағы араб тілінде жазылған әдеби туындыларды аудару, оқу араб тіліне жетік филолог мамандардың жұмыстануын қажет етеді.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале