22.06.2016, 11:02
Оқылды: 25

Қаратөбеде мегажоба эстафетасы мәреге жетті  

 

karatobe megajoba (1)Бүгін Қаратөбе ауданының барлық ауылдық округтерін қамтыған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының эстафетасы мәреге жетті.


 

Келісім мен ынтымақты ту еткен мегажоба эстафетасын Жусандыой ауылдық округі Қаратөбе ауылдық округіне табыстады.

Бірлік пен татулықты ұран еткен жусандыойлықтардың мегажоба керуенін Ғалымгерей Қайырғалиев бастаған топ ауыл кіреберісінен қарсылап, «Қош келдіңіз!» айтып, ақ дәм ұсынды.

Алдымен М.Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне мәдени саяхат жасаған жусандыойлық меймандар аудан тарихы мен өңірге елеулі еңбегімен қолтаңба қалдырған белгілі тұлғалар жөнінде мағлұмат алды.

karatobe megajobaСонымен қатар кәсібін дөңгелентіп отырған жергілікті кәсіпкер Сержан Ашығалиевтің минералды сусын өндіретін «ДЕМ» цехының жұмысымен де танысты.

Бейбітшілік пен татулықты насихаттау мақсатында өткізіліп отырған мегажоба шарасына арналған дөңгелек үстелде Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев:

-  Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырып отырған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы эстафетасы ауданымыздың барлық округтерін аралап өтті.

Аталмыш мегажоба ауылдар арасында достықты нығайтуды, ақпараттық тәжірибе алмасу, жастарды патриоттыққа, елжандылыққа тәрбиелеу, өзара тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, тұрақтылығымыз мызғымас үшін аянбай еңбек етуіміз қажет, - деді.

Дөңгелек үстелде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық ақсақалдар  алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов, жусандыойлық ақсақал Рақымғали Бақытжанов, «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ажар Берікқалиева және т.б. сөз сөйледі.

Мегажоба аясында Жусандыой ауылдық округінің көркемөнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, күмбірлете күй тартып, әуелете ән шырқады.

Екі ауыл спортшылары үстел теннисі мен дойбы ойындарынан өзара сынға түсті.

Мегажоба эстафетасын табыстау шарасының соңында қос ауылдық округтің әкімдері Ғалымгерей Қайырғалиев пен Талап Қазиев алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен алмасты.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале