27.05.2015, 18:37
Оқылды: 27

Қаратөбелік өнерпаздар дәстүрлі ән-күйден шашу шашты

Karatobe an sheru  Облыстық Қазақ Драма тетрында Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен жергілікті көркемөнерпаздардың концерті өтті. Кеш басында аудан әкімі Асхат Шахаров сахна төріне көтеріліп, өнерсүйер қауымға арнаған жүрекжарды лебіздерін жолдады. «Қаратөбе – құт мекен» деп аталған концерт Халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жалғасқан еді. Бұл дәстүрлі өнерді аңсап келген көрермендерді тебірентсе керек.

Кеш барысында  өзінің «Қызғалдақтар», «Шашу» билерімен тәнті еткен «Інжу»  би  ансамблінің өнеріне көрермен риза болып, қол соқты. Кешке қатысқан дәстүрлі әншілер  Асхат Оразов, Фархат Оразов пен ағайынды Армат және Нұршат Ісләмғалиевтер күмбір үнді домбырамен халық әндерін шырқап, көңілге ерекше қуаныш ұялатты.

Концерт шырайын келтірген «Ауыл әуендері» фольклорлық ансамблі мен эстрада әншілері көпшіліктің қошеметіне бөленсе, жас домбырашылардың күйтартысы кешті  одан сайын жандандырып жіберді. Рысгүл Жұмағалиева, Аяжан  Исламова, Рүстем Ақташев, Жарқын Байтеміров, АльфияИсламова сынды жас әншілер халық әндерін шырқады.  Қос ішекті домбырадан төгілген күйге шөлдеген жұртшылық дәстүрлі ән-күйлерді бірде тапжылмай тыңдаса, бірде өнер иелеріне деген ықыластарын қошеметтерімен білдіріп отырды.

Рухани көңіл-күйге бөлей білген осындай бір керемет концерт соңында қаратөбелік көркемөнерпаздарға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың ықылас гүлі тарту етілді.

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале