7.08.2015, 22:17
Оқылды: 38

Қаратөбенің қарбызы сұранысқа ие

 

Karatobe karbiz   Тамыз айы бау-бақша өнімдерінің пісіп, бақшашыларда жиын-терін жұмыстарының қызған шағы. Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылдық округінде көкөніс, бау-бақша дақылдарын егетін «Тұрақ», «Мұрагер», «Әділғазы», «Дана» шаруа қожалықтарын ел-жұрт жақсы біледі. «Қаратөбенің қарбызы» деген атпен көрші облыстарға, өңірімізге кеңінен танылып үлгерген бақша өніміне сұраныс жоғары. Экологиялық таза, дәмінің ерекшелігімен тұтынушылардың көңілінен шыққан табиғи таза қауын-қарбызды бақша басына барып көріп қайтқан болатынбыз.

Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Үшана ауылының тұсынан өтетін Қалдығайты өзенінің жағасынан 13 гектар жерге бақша салған Мақсат Есқали отбасымен жаз бойына бақша басында еңбектенуде. Алдымен Тайпақ, Ақжайық аудандарында жұмыс жасап, бақша егудің қыр-сырын үйреніп келген Мақсат шаруаға білек түре кірісіпті. Сонау 2001 жылы «Тұрақ» шаруа қожалығын құрып, бақша дақылдарын егумен айналысқанына он бес жылдың жүзі болыпты. Жыл сайын ерте көктемнен тума-туыстарының көмегімен жер өңдеу жұмыстарын бастап, қауын-қарбыз тұқымдарын Ресейден алғызып егіпті.

Бақша басында жаз бойына отбасымен еңбектеніп жүрген  Мақсат:

  • Бақшаның арамшөбін жұлып, суарып жұмыстанудамыз. Өнімімізге сұраныс көп. Атырау облысының Қызылқоға ауданынан, аудан орталығынан, көршілес округтерден келіп алып жатыр. Облыс орталығына да жеткізу жоспарымызда бар. Биыл да бақшаның шығуы жаман емес. Өнімді жақсы алған жылдары қарбыздың үлкендері 25 келіні құраған кездері болды. Болашақта да халықты табиғи жолмен өсірілген бақша өнімдерімен қамту жоспарымызда бар,- дейді.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале