2.06.2016, 17:40
Оқылды: 26

Қаратөбе аудан басшысы балаларға тарту-таралғы жасады

????????????????????????????????????

   1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында болып, балаларға тарту-таралғы жасады.


  Алдымен көп балалы отбасы, жалғызбасты ана Айнұр Тілектесқызының отбасына табан тіреген аудан басшысы отбасы ұл-қыздарымен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Хал-жағдайларын сұрады. Аудан орталығына күні кеше ғана қоныс аударған Айнұр ханым отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр. Балаларының екеуі мектеп жасында болса, екеуі мектепке дейінгі білім беру ұйымына барады.

    Ал, Ақерке Берниязованың отбасы болса, әкімнен алған сыйлыққа рақметін айтып, ықылас танытты.

   - Заманымыз тыныш, бейбіт өмірде күн кешіп отырмыз. Жұмысым бар. Ауруханада кіші қызметкер болып жұмыс атқарамын. Үкіметтен тиесілі жәрдемақыларды уақытылы алып тұрамын. Аллаға шүкір, жағдайымыз жаман емес, - дейді отанасы Ақерке.

   С.Датұлы көшесінің тұрғыны Әділхан Байғалиевтің отбасындағы балалармен дидарласу сәті ерекше қызыққа толы болды. Отбасында жеті бала тәрбиелеп отырған шаңырақтан шаттықтың лебі есіп-ақ тұрды.

    «Қошақан» мен «Ботақан» атын иемденген егіздер аудан басшысының алдына отыра кетіп, еркелікке салды.

   «Балалы үй базар» демекші, аталмыш отбасының кішкентайлары аудан атқамінерлерімен тысқа бірге ере шығып, әкім көлігін қызықтап, естелікке суретке түсті.

    Сонымен қатар, аудан әкімі А.Шахаров шөптікөлдіктер Айдос Қасымов пен Айнагүл Гимұранованың отбасына да арнайы барып, балаларды қуантты.

   Қос бірдей құлынының болашағынан үлкен үміт күтетін Айнагүл апайдың ұл-қызынан «балалы үйдің ұрлығы» сезіліп қалды.

   Қызы Жанбота «Вк әлеуметтік желісінде отырамын деп, оқу озаты бола алмай қалдым» қынжылысын білдіріп, бір күліп алды. Ал, інісі Әлихан болса, Қазақ елінен көкке ұшқан ғарышкерлердің есімдерін жатқа соғып, арманы ғарышкер болу екендігін жеткізді.

    Аудан басшысынан мерекелік сыйлық алған балалар мәз-мейрам болып, балалық тілектерін жолдады.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале