26.05.2016, 11:52
Оқылды: 47

Қаратөбе өңірінде республикалық домбырашылар байқауы өтуде(ФОТО)

????????????????????????????????????

   Домбыраның шанағынан төгілген күй құдіреті өн-бойыңды рахат сезімге бөлеп, рухыңды асқақтататыны сөзсіз. Сүйгүліктің шабысындай көрінетін домбыраның қағысы алты алаштың айбарлы намысы болғалы қашан?!

    Күні кеше Қаратөбе ауданында басталған ұлы даланың сырлы сазын күміс күймен жеткізген дарынды күйші, төкпе күйдің шебері Ұзақ Мырзабайұлы атындағы «Күй күмбірі» атты республикалық домбырашылар байқауы соның нақ дәлелі.


   Айта кету керек, өткен жылы Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен аймақтық «Ұзақ күйші» қоғамдық қоры құрылып, көп кешікпей ауданның Аққозы ауылдық округіне қарасты Ақтұлым жерінде Ұзақ бабамызға келбетті кесене орнатылды.

????????????????????????????????????

   Ал, Қаратөбе өлкесінде алғаш оздырылып отырған дүбірлі доданы игілікті істің жалғасы деп айтуға толық негіз бар. Басты мақсат – Ұзақ бабамыздың есімін ұлықтау, ұлттық өнерді дамыту.

  Қасиетті Қаратөбе мекеніне еліміздің барлық аймақтарынан табан тіреген күйшілер мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Тұрар Әліпбаев бастаған қазылар алқасын аудан шекарасынан күтіп алып, ақ дәм ұсынылып, әннен шашу шашылды.

????????????????????????????????????

   Одан соң аудандық мәдениет үйінде алдымен жеребе суыру рәсімі өтіп, байқауға қатысушы күйшілердің сахнаға шығу реті анықталды.

   Жеребе бойынша алғаш боп өнер көрсету мүмкіндігі батысқазақстандық Ақылбек Бектасовқа бұйырды.

    Күйшілер байқауының ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшысы А.Шахаров, ҚР еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші Т.Әліпбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Қуанышбек Мұқанғалиевтер байқаудың жоғары дәрежеде өтуіне игі тілектерін арнады.

????????????????????????????????????

    Республикалық байқауға 25 күйші қатысып, бақ сынауда.

    Үш кезеңнен тұратын байқау бүгін кешкісін жеңімпаз-жүлдегерлердің есімін анықтамақ.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале