15.12.2015, 20:11
Оқылды: 13

Қаратөбе өңірінде Тәуелсіздік күні аталып өтілді

 Karatobe tauelsizdik jyin  Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста Қаратөбе өңірінің гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосып жүрген бір топ қызметкерлерге құрмет көрсетілді.

Алдымен барша аудан тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Асхат Шахаров:

- Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің келешегі көркейе түсіп, тәуелсіздігі баянды болсын! Жанұяларыңыз аман, бауырларыңыз бүтін және де Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! – деді.


Айтулы мерекенің марапаттау бөлімінде аудандық орталық аурухананың дәрігері Әсемгүл Мұқановаға «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі, Қаратөбе мектеп-гимназиясының мұғалімі Бибігүл Жанахметоваға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.

Аудандық мәслихат депутаттары Батырғали Тойшыбаев, Нұрлан Меңдешов, Есен Ғұмаров БҚО әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар, бірқатар азамат-азаматшаларға облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің және де аудан әкімінің алғыс хаттары тарту етілді.

Ауған соғысының ардагерлері мен жауынгерлері одағының «Еңбегі үшін...» медалі интернационалист-жауынгер Ерболат Иманғалиев пен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде ұзақ жылдар бойы табысты еңбек еткен Сәния Қарақұлованың өңіріне тағылды.

Аудандық ішкі істер бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ұжымға «УАЗ» аутокөлігінің кілті табысталды.

Шара соңы «Тәуелсіздік – мақтанышым, намысым» атты мерекелік концертке ұласты. Сазды бағдарламада халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы шығармалар, жергілікті әншілер Р.Жұмағалиева, А.Смағұлова, С.Байтеміров, А.Исламова, К.Мәлдуовалардың орындауындағы отансүйгіштік, елжандылық бағытындағы әндер мереке шырайын кіргізді.

Соның ішінде, жергілікті көрермен қауым дарынды жас Эльвира Кенжетаева оқыған Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» атты өлеңі мен қос домбырашы Д.Орынбасарұлы мен А.Сұлтановтың күй тартысын жылы қабылдады.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале