27.05.2016, 10:42
Оқылды: 28

Қаратөбе өңірінде өтіп жатқан республикалық күйшілер байқауы өз мәресіне жетті

????????????????????????????????????

   Қаратөбе өңірінде екі күнге созылған, үш кезеңді қамтыған республикалық байқауға 30-ға тарта күйші қатысып, бақтарын сынады.

     Бірінші, екінші кезеңдерде Қазанғап, Боғда, Құрманғазы, Махамбет, Дина, Сейтек, Дәулеткерей, Қаратау мен Арқа мектептерінің күйлерін шебер орындаған өнерпаздар ғана үшінші кезеңге жолдама алды.


    Байқаудың екінші күні меймандар мен қатысушылар Ақтұлым жеріне ат басын бұрып, Ұзақ баба кесенесіне тәу етіп, оның аруағына құран бағыштады.

    Бағдарлама шеңберінде аудандық тарихи-өлкаетану музейіне мәдени саяхат жасалынып, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

   Шешуші кезеңге қатысушы 15 домбырашы Дәулеткерей атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен қалауы бойынша бір күй орындады.

????????????????????????????????????

   Байқаудың бас жүлдесін Еркебұлан Соңғыбаев (Маңғыстау облысы) жеңіп алды. Жеңімпазды Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров марапаттап, 300 мың теңгелік сертификатты табыс етті.

   -Қазақтың қанына біткен күйшілік өнері – біздің ұлттық бай мұрамыз, құндылығымыз. Қолынан домбырасы түспеген қазақ барда Ұзақ бабамыздың есімі де мәңгі жасайды. Әрине, баба рухына тағзым ету – сіз бен біздің басты борышымыз. Бабамыздың есімін ұлықтауға қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Әрдайым да басымыз осындай мерекелі күндерде қосыла берсін! - деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы байқаудың марапаттау салтанатында.

    І, ІІ, ІІІ орын алған жүлдегерлермен қатар, қатысушыларға да ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етілді.

  Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Тұрар Әліпбаев дүбірлі доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

    Екі күнге созылған домбырашылар додасы мерекелік концертпен кеш шымылдығын жапты.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале