22.05.2016, 5:28
Оқылды: 20

"Қарашаңырақта қара құлып тұрмасын" деп...

Bakit aga turnir    Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылдық округіндегі ұлағат ұясында көп жылдар бойы ұстаздық еткен жергілікті спортшы ұстаз, мықты математик марқұм Бақыт Серғазының есімін Егіндікөлдің қай адамынан сұрамаңыз, аңыз ғып айта жөнеледі. Өзі өмірден озса да, ұстаз есімінің өшпегені осында болса керек, сірә!


   Толассыз жауған ақ жауынға қарамастан футбол алаңына шыққан ойыншыларға қолдау білдіруші жергілікті жанкүйерлер де көп болды.
Зеленов, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандары және Орал, Ақсай қалалары командаларының басын қосқан турнир ауыл ішінде орналасқан екі алаңда өтті.

    Сонау Алматыдан аяулы ағаның аруағына тағзым ете "туған жерім" деп алып-ұшып елге жеткен, кешегі кіп-кішкентай қара бала, бүгінде абыройлы азамат, шараның басты ұйымдастырушысы Қуаныш Мақсотұлы аталмыш турнирдің бұдан бұрын да екі мəрте өткендігін алға тарта сөз қозғап, іле-шала өзі де ойын сапынан табылды.

   Ал, марқұм Бақыт ағаның туған қарындасы, Егіндікөл ауылының тумасы, белгілі журналист Гүлзира Серғазы аяулы ағасы жөнінде тебірене әңгіме қозғады.

    - Ағам Бақыт өз заманында ауданға белгілі ұстаз болды. Мектеп директоры Мақуза Құрманғалиева бірде математик Б.Серғазыға білім ордасындағы дене шынықтыру ісін қолға алуды, дамытуды тапсырады. Тумысынан спортқа етене жақын жан ұсынысты қабыл ап, абыройлы еңбек етеді. Көптеген шәкірттер дайындайды.

     Бүгінгі шара - айтулы тұлғаның есімін ұлықтауға бағытталған игі шара. Ағам өте кемеңгер, бесаспап адам болатұғын. Күнделік жазды. Ол дүниесі менде сақтаулы.

   Өкінішке орай, ауылдағы ағам тұрған үй 5-6 жылдан бері құлыптаулы тұр. Алайда ауылға жиі келіп тұрамыз. Ондағы мақсат - қарашаңырақта қара құлып тұрмасыншы деген ой.

    Екі-үш күннен бері ауыл тұрғындары: "Бәкеңнің шаңырағының тұрбасынан түтін шықты. Үйдің жарығы жағулы екен..." деп өзара қуана үйге кіріп шығып, дастарқаннан дәм татып, әңгіме-дүкен құрып әлек.
Ағамыз да бір аунап жатқан шығар. Ел-жұртқа айтар алғысымыз шексіз, - деп толқынысын жасыра алмай, жанарына жас алды.

  Турнир тақырыбына ойыссақ, ала таңнан қас қарайған шаққа дейін созылған ойын нағыз мықты командалардың есімдерін елге жария етті.

    Олардың көш басында жеңімпаз команда - Зеленов ауданының командасы тұр. Ал, ІІ, ІІІ орындарды Қоскөл ауылдық округі командасы мен Қаратөбе ауданы командасы өзара бөлісті. Жеңімпаз-жүлдегерлерге кубоктар, сыйлықтар табыс етілді. Ерекше ойын өрнегін көрсеткен аяқдопшылар марапаттан құралақан қалмады.

Түгелбай БИСЕН,
турнирге қатысушы ойыншы,
Зеленов аудандық "Ауыл тынысы" газетінің тілшісі:

    - Мен Б.Серғазыны еске алу турниріне екінші рет қатысып отырмын. Ойынға дайындығымыз жақсы. Жүлде аламыз деген үміт басым.
Аз ғана ғұмырында кейінгі ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ағамызға арнап еске алу турнирін өткізу ісін құптарлық іс деп санаймын.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ
Қаратөбе ауданы
Егіндікөл ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале