30.05.2016, 15:09
Оқылды: 32

Қараөзенде той өтті дүркіреген  

Karaozen (1)Қазталов ауданының Қараөзен ауылдық округінің құрылғанына 50 жыл толды. Тарихы терең өлкеде орналасқан бұл ауыл осы 50 жыл ішінде қанша тұлғаларды, өнер иелерін, ұлы ұстаздарды, өз ісінің мамандарын шығарды. Бүгінде республикамыздың түкпір-түкпіріне қанат қағып кеткен жастары ел әлеуетіне, халық қазынасына қалтықсыз еңбек етіп жатыр. Туған ауылын анасындай аялайтын перзенттері бұл өлкеге мойын бұрмай кеткен емес. Ауылдың торқалы тойына жан-жақтан ат сабылтып, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай жиналуы - осының жарқын көрінісі.


Karaozen

Алдымен Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлестерге гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталған ауыл тойы Қараөзен мектеп-лицейінде мұражайдың ашылуымен жалғасын тапты. Ашылу рәсімін жүргізу құрметі еңбек ардагерлері Шаймардан Қаматаев пен Жаңыл Құспанқызына бұйырды.

Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиналыста Қараөзен ауылдық окргуінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы баяндама жасап, ауыл тарихына шолу жасады. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, еңбек ардагерлері Нағым Ризуанов, Мүтиғолла Темірханов, Өмірзақ Таутентегі, Орал қаласынан келген Жәнібек Айдынов өздерінің құттықтау лебіздерін білдірді.

Жиын соңында Қараөзен ауылының құрылуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған ел басқарған ағаларымыздың жанұяларына естелік сыйлықтар табыс етілді.

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале