29.06.2016, 18:16
Оқылды: 66

"Қара жəшік" немесе QR-кодтың құпиясын кім біледі?

13553421_1040091916078819_1296875405_nСоңғы кезде жарнамалық плакаттар мен афишалар, түрлі заттардың қораптары мен газет-журналдардың шетінен қара түсті шаршы төртбұрышты оңай аңғаруға болады. Көпшілігі бұл белгіні не үшін қажет деп ойлап, мән бермеуі де мүмкін. Ал ақпарат айдынында жедел ақпарат алмасу үшін, керек мəліметті молынан алу үшін қара шаршының құпиясын білу сізге артық етпейді. Бұл туралы бүгін «Жайық Пресс» ЖШС мәжіліс залында журналистерге арналған оқыту семинарында кеңінен айтылды.


 

IMG_8668Сондай-ақ басқосуда ақпаратты оқырманға жедел әрі сапалы жеткізу, QR-кодтты пайдалану, мақала дайындау кезіндегі журналистік шеберлік, ақпарат беру кезінде әлеуметтік желілерді оңтайлы пайдалану, газет беттерінің құрылуы, стилі мен дизайндік көркемдеу, газеттерге әлемдік бренд қалыптастыру туралы ойлар ортаға салынды. Семинарда «Қазақпарат» агенттігінде 16 жыл бойы қызмет атқарып жүрген «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ, соңғы кезде баспасөз тарихына арналған ғылыми мақалалар мен кітаптар шығарумен айналысуға бет бұрған, өңірімізге кеңінен танымал журналист Қазыбек Құттымұратұлы, блогер Нұрлыбек Рахманов, мекеме дизайнері Арман Даулбаев журналистерге қызықты ақпараттарын ұсынып, ойларын ортаға салды.
Ғайсағали Самиғоллаұлы төтенше жағдайлар мен қылмыстық оқиғалар туралы ақпаратты барынша дәлелденген нақты дерек көздеріне сүйеніп немесе ондай жағдай мүмкін болмаған кезде сол жердегі жауапты мекеме басшысының сөздерін негізге алу керектігін атап өтті. Яғни, дәйексіз, жалған ақпарат берудің соңы журналистерді сотқа сүйрейтін фактілердің орын алуына жол береді.

Ал Қазыбек Қабжанов журналистің қоғам алдында беделді болуы үшін, әрі кең танымалдыққа ие болу үшін көп ізденістің, «ішкі бәсекелестің» қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ақпараттың өтімді әрі оқылымды болуына мақалаға тақырыптың дәл таңдалуы, материалдың барынша қысқа әрі нұсқа, айтар ойды анық жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл турасында шетелдік журналистика тәжірибесіне көбірек сүйену керектігін алға тартты.

IMG_8652Ал Арман Даулбаев газет бетін құруда дизайнерлік шеберліктің, ұтқырлықтың болуына үлкен мән берді. Ол өзіндік бренді қалыптасқан шетелдік баспасөз құралдарының тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ журналистің əмбебаптылығы да заман талабы екенін алға тартты. Оның айтуынша материалды өзі дайындап, фотоға өзі түсіріп, дизайнды өзі жасай алатын мамандар тапшы екен. Сондықтан əмбебаптылыққа бет бұратын уақыт жеткен сыңайлы. Жиын барысында Арман Ғинаятұлы QR-кодты пайдаланудың əдіс-тəсілдерімен, оны пайдаланудың тиімді тұстарымен таныстырды. Бұл турасында мекеме басшысы Жантас Набиоллаұлы да өз ойын ортаға салып, соңғы уақытта "Орал өңірі" жəне "Приуралье" газеттерінің алдыңғы бетіне QR-код орнатылып, оқырманға жол тартып жатқанын жеткізді. Кез-келген адам қолындағы заманауи ұялы байланыс құрылғыларын тиімді пайдаланса, қаптаған "қара жəшіктің" сырын оңай меңгеруге мүмкіндігі мол. Ол үшін Play market интернет магазині арқылы QR-кодқа арналған мобильді қосымшасын жүктеп аласыз. Содан кейін бағдарламаны іске қосқанда автоматты түрде камера жұмыс жасай бастайды. Сол камераның көмегімен кез-келген QR-кодттың үстіне барып, камераның тетігін басып сканерлейсіз. Осыдан кейін жүктелген бағдарлама өздігінен іске қосылып, керекті ақпаратты ұялы байланыс құрылғысының экран бетінен оқи аласыз.

www.zhaikpress.kz

Ләззат Шағатай

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале