8.12.2015, 18:24
Оқылды: 27

«Қара» тізілімнен сақтан, құрылысшы

Jemkorlik   Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай облыстық құрылыс және мемлекеттік сатып алулар басқармалары өңірдегі ірі мердігер, жобалаушы компаниялардың өкілдерінің қатысуымен семинар өткізді. Басқосу құрылыс, сатып алулар салаларында жемқорлық  фактілерін болдыртпау және алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. 


 

Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Мирболат Нұртазин семинар тақырыбы бойынша баяндама жасады. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – еліміздегі барлық мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың алдында тұрған басты мәселе. Сол арқылы ұлттық экономикамызды дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіншіліктер зор.   Сондықтан қазіргі күні әлемдегі болып жатқан дағдарыстың салдарынан елімізде қиыншылықтар туындауда. Бұл жөнінде Елбасы өзінің Жолдауында айтқан болатын. Елімізде сол қиыншылықтарға қарсы тұрып, одан аман-есен өту үшін бағытында нақты жұмыстар жасалуда. Мемлекеттік аппаратта сыбайластыққа қарсы тұру бағытында әлі де кемшіліктер жеткілікті»,- деді Мирболат Нұртазин. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылып, олардың үстерінен қылмыстық істер қозғалып жатса да, сыбайлас жемқорлық айылын жияр емес, әлі сол бұрынғы деңгейден төмендер емес. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық фактілері жылдан жылға азаймай отыр. Жаңа жылдан бастап нақ осы мәселелерге қатысты жаңа заңдар күшіне еніп, жетілдіру тетіктері жұмыс істегенде нәтижесі көрінеді деп күтілуде. Өңірде құрылыс, жер қатынастары салаларында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызу, құқық бұзушылық мәселелері жиі кездеседі. «Мұның барлығы мемлекеттік сатып алулар заңын дұрыс қолданбаудан орын алуда»,- деді М.Нұртазин.

Облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының әкімшілік бөлімінің бас маманы-заңгер Эльдар Гайнутдиновтың жасаған баяндамасына сүйенсек, электрондық сатып алулар конкурсын өткізу барысында бірқатар түйткілді мәселелер туындайды. Соның ішінде жиі ұшырасатыны - мемлекеттік сатып алулар заңының 6-бабының талаптарының сақталмауы. Қазіргі қолданыстағы электрондық сатып алуларды өткізу ережесіне орай жабдықтаушының борышкерлер тізілімінде бар-жоғы тиісті құрылымдардың ресми интернет ресурстарындағы орналасқан ақпараттары бойынша тексеріледі. Жабдықтаушы немесе қосалқы мердігер конкурсқа қатысуға тапсырыс берген, олар борышкерлер тізілімінде болмауы керек. Сонымен қатар олардың өз міндеттерін орындаған –орындамағаны да ескеріледі. Көп жағдайда жабдықтаушы борышын өтеуді адал атқарғанымен, қарызды өндіріп алу құрылымдарына бұл жайында ескерте бермейді. Борышкер өз міндетін дұрыс атқарған жағдайда, оны «қара» тізілімнен шығару жұмысы 5 күнінің ішінде жүзеге асады. Э. Гайнутдиновтың айтуынша, сатып алулар саласында  жабдықтаушының біліктілік талаптарына сай ұсынатын ақпараттары жалған болып шығатын жағдайлар кездесуде. Мұндай жағдайларда басқарма мәселені сот арқылы шешеді.

Басқосуды қорытындылаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың айтуынша, қандай жағдайда болмасын, еліміздің әрбір азаматы қолданыстағы заңдылықтарды сақтауға міндетті.

www.zhaikpress.kz  

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале