31.03.2016, 18:34
Оқылды: 20

Қариялар бір серпіліп қалды

????????????????????????????????????

     Қазталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және аудандық жастар кеңесі жастар қоғамдық бірлестігінің ұжымдары Жалпақтал ауылындағы аудандық қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі әлеуметтік мекемесінде болды.


      Қазіргі уақытта кейбір жастар ата-анасының қадірін білмей, оларды бойынан қуат, қолынан күш кеткен кезде ар-ұятты бетке түйіп, қарттар үйіне тапсырып жатқандығын көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық жақсы біледі. Осындай жүздеріне қаяу түскен аға-буын өкілдеріне қамқорлық көрсету мен олардың жүрегіне жылы тиетін сөздерді айтып, жоғары көңіл-күй сыйлауды ауданымыздың жастары басты қасиеттерінің бірі деп есептейді.

     Қариялар үйінде болған орталық басшысының міндетін атқарушы Мақсат Нығметов, мамандары Әсем Халиуллина, Риза Тілеуғали қарияларға жылы лебіз арнап, наурыз айының мерекеге толы екенін айтып, игі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар аталмыш мекемеге өздерінің естелік сый-сияпаттарын табыс етті.

      Қарт кісілермен дидарласып, олармен бірге арқа жарқа әңгіме құрды. Мерекелерімен құттықтап, сыйлықтар табыстады. Жылы сөз бен ынта көңілге зәру қариялар мәз мейрам болып, балаша қуанды. Бар ықыластарымен жастардың қойған сұрақтарына жауап беріп, бата тілектерін арнап жатты. Сырқат қариялардың жатқан бөлмелерінде болып, ауруларынан тезірек құлан-таза айығып кетулеріне тілектес екендіктерін білдірді.

      Кездесу соңында қариялар үйінің мәдени шара ұйымдастырушысы Тұрарбек Еренбаев жастарға ризашылығын білдіріп, естелік үшін суретке түсіп, жастар тағы да келіп тұруға уәде беріп тарқасты.

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале