31.03.2016, 12:47
Оқылды: 31

Қаршылық оқушылардың Түркістан төріндегі табысы

Akjayk Karshilik    Ақжайық ауданының Ілбішін ауылындағы Қаршы орта мектебінде Тайпақ балалар музыка мектебінің «Қобыз» класы филиалының ашылғанына көп болған жоқ. Дейтұрғанмен, өнерге құлшынған ұл-қыздың аяқ алыстары көңілге қуаныш ұялатады. Ұлы да киелі аспапта ойнап үйрену үздіксіз ізденісті талап ететінін түсінетін олар төзімділік пен талпынуды басты мақсат деп санайды.


    Сондықтан ауылдағы Мәдениет үйінің сахнасына өздерінің жетекшісі, 30 жылға жуық жас ұрпақ тәрбиесіндегі, мәдениет саласындағы еңбегі алысқа мәлім Нұрғаным Өтеғалиевамен бірге бірнеше мәрте шығып үлгерді. Ауылдастардың балауса домбырашылар мен қобызшыларға мақтанышпен, сүйсіне қарауын айт. Нысананы дәл көздеген мергендей, титтей балаң саусақтары домбыра мен қобыздың пернелерін дөп басып, безек қағып, тыным таппайды-ау... Ән мен күйдің құшағында қорғасындай балқып, ғажайып күй кешкен әлеуметтің елдің ертеңі – білімді, мәдениетті, тәрбиелі, ойлы, өрелі өркендерге, олардың Нұрғаным Ермекқызындай ұстазына қошеметтері ерек.

     Жұртымыз, шіркін, көреген ғой. Н.Өтеғалиеваның шәкірттері ертең-ақ топжарарына сенімдері сөзсіз екенін айтқан. Солай болды да. Кешегі Наурыз мейрамының қарсаңында сөйтіп, «Балдәурен» балалар ансамблі өмірге келді. Оның сапында 17 оқушы бар. Ал осыған дейін мысалы, аудандық «Жан жылуы» байқауында Гүлбақыт Кенжетаева Алғыс хат иеленсе, Халықаралық «Таланттар әлемі» байқауында (Алматы) Нұрсұлтан Жәрдемов Гран при ұтып алды. Атырау қаласында былтырғы күздегі фестивальде Зарина Халықова І орын алды. Олардың аз ғана уақытта аспапта балаларға арналған шағын пьесаларды өте жақсы меңгергендері байқалады. Иә, бәрі де өнер өлкесінің жазирасына ұмтылуда. Айкөркем Медет және Гүлназ Молдағали беларусь халық әндерін, Айгүл Мұрат өзіміздің халық әндерін, ұлт-ұлыстардың билерін де орындайды.

     Кешегі Наурыздан кейін «Балдәурен» әлемге әйгілі Түркістан қаласына жол тартты. Осында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып «Тәуелсіздік – тірегім, тәбәрігім!» атты VI Халықаралық балалар фестивалі өтті. Оған еліміздің 6 облысынан осындай ұжымдар қатысты. Ансамбль Құрманғазының «Балбырауынын», Қасымхан Тастановтың «Би күйін» керемет күмбірлеткенде, Түркістан аспанын сиқырлы саз кернегендей, шіркін, қазақтың дәстүрлі өнері үшін қалайша қуанбассың! «Балдәурен» талассыз І дәрежелі дипломды жеңіп алды, оның жетекшісі Нұрғаным Ермекқызының атына атынан ат үркетін өнер майталмандары жылы лебіз арнады. Жас ұжым «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігі. «Бейбітшілік әлемі» президенті, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Ресей Федерациясы Педагогика академиясының академигі А.А.Нұрмановтың мақтау грамотасымен марапатталды.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале