5.02.2015, 19:08
Оқылды: 61

Қарымды қайраткер


 Шапет  Қоспановтың  өмірге  келгеніне  100  жыл Шапет Қоспанұлы 1914 жылғы 5 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданындағы Шақат ауылында туған.


Әкесі орта шаруа болған. Ауыл мектебінде, кейін ауыл шаруашылығы техникумында оқыған. 1932 жылы Алматыдағы мал шаруашылығы институтына түсіп, оны 1936 жылы ойдағыдай аяқтағаннан кейін 23 жыл бойы өзінің алған мамандығы бойынша қызмет істеген. Санжар, Преснов совхоздарында аға зоотехник, 1939 жылдан 1951 жылға дейін Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола совхоз трестерінің бас зоотехнигі, 1951 жылдан 1959 жылға дейін Совхоздар министрлігінің мал шаруашылығы басқармасының бастығы болған.


1959 жылы Шапет Қоспанұлын партия жұмысына жібереді. Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Республикадағы ең астықты облыста мал шаруашылығының өсуі көңіл қанағаттандырмайтын. Сондықтан да осы маңызды саланы өркендетуді «ҚР еңбек сіңірген зоотехнигі» Шапет Қоспановқа тікелей жүктеген. Екі жылдың ішінде Қостанай облысында мал шаруашылығы тез өркендей бастады. Әсіресе, ірі қара малы мен шошқа өсіруден, мол жемшөпті орынды тиімді пайдалану арқылы ет өндіру жөнінен облыс алдыңғы қатарға шықты.

1961 жылдың күзінде Н. Хрущевтің Қазақстанды бөлшектеу пиғылының негізінде солтүстіктегі бес облысты жеке-дара бөліп алып, тың өлкесі құрылды. Ол тікелей Мәскеуге бағынатын. Басшылары да басқа жақтан әкелінді.

Д. Қонаев әрең деп Сабыр Ниязбековті өлкелік партия комитетінің екінші хатшылығына өткізді.

Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып төрт жыл істеп, абырой-атаққа ие болған, жігерлі де іскер С. Ниязбеков кеткісі келмеген.

Д. Қонаев: «Сен ол жақтың жай-күйін жақсы білесің, жаңа келіп жатқан өлке басшыларымен тайталаса да аласың, табандылық көрсете де білесің. Оның үстіне Ақмола – өз елің, айрылып қалмайық. Саған сенеміз де, үлкен үміт артамыз» - деп тұрып алды. «Орал өмірімнің шуақты кезі болды, қимасам да, амал жоқ, кетуге мәжбүр болдым, бәріңе рақмет» - деп Сәбең ағынан жарылған еді, Есқұл Абдушев пен осы жолдардың авторын құшақтап тұрып.

1962 жылдың ақпанында облыс партия ұйымын басқаруға Шапет Қоспанұлы келді. Жаңа келген басшыға жұрттың бәрі сын көзімен қарайтыны белгілі. Бірден көзге түскені – қарапайымдылығы, мінезі жұмсақ, сергек, топтың ішінен ерекшеленбейтіні, инабаттылығы. Алды ашық, сабырлы.

Шапет Қоспанұлы істеген он бес жыл облыстың экономикасы мен мәдениетінің қарыштап алға басқан кезеңі болды. Ол уақытта әр бес жылдың жоспары болатын. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс орындарының әр жылғы көрсеткіштерінің орындалуы қатаң қадағаланатын. Әрине, облысымыз, негізінен, ауыл шаруашылығымен айналысқандықтан, осы саланың жетістіктері қомақты болды. Егіншілікте ХХ ғасырдың басында құрылған Орал селекция стансасының бай тәжірибесі кеңінен пайдаланылды. Кезінде бұл ғылыми-зерттеу орнын көп жылдар басқарған атақты академик Александр Бараев болатын. Тың игеру басталғанда А. Бараевты бізден алып кетіп, Қазақстан астық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына тағайындады. Оның орнын бұрын орынбасары болған өте білікті ғалым Н. Башмаков басты. Ол облыста егіншілік мәдениетінің жоғары болуына көп еңбек сіңірген еді. Еңбек Ері болуы да сондықтан.

Жері аса шұрайлы емес, қуаңшылық жыл аралатып қайталанып отыратын облыс астық өндіруден республикада бесінші орынды баянды ұстап отырды. Негізінен, егінмен айналысатын Тасқала, Зеленов, Приурал, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандары Ресейдің көрші аудандарымен тайталас болып, қалыспады. Тіпті кейбір көрсеткіштері бойынша олардың алдына шығып кетті. Мемлекетке астық тапсырудың бесжылдық жоспарлары ойдағыдай орындалды. 1968 жылы облыс 129 миллион пұт астық тапсырды. Бұл облыс тарихында болмаған ғажап оқиға болатын. Сол кезде өзінің саяжайында демалыста жатқан ұлы жазушы Михаил Шолоховтың жүрекжарды қуанып, «Менің елім – Ростов беретін ауқымға жеткендеріңе масаттанып, төбем көкке жеткендей болып тұрмын» дегені есімізде.

Тағы бір айта кететін жәйт – Ақжайық ақ бидайының даңқы айтарлықтай-ақ болатын. Оның тағамдық сапасы өте жоғары. Шет елдерге жөнелтілетіні сондықтан. Қысқасы, біздің бидайсыз дәмді нан пісірілмейді екен.

Мал шаруашылығының сұңғыла маманы Шапет Қоспанұлы бұл маңызды салаға ерекше назар аударды. Малдың басын өсіру де қажет, дегенмен сапасына көбірек ден қойды. Мал тұқымын асылдандыру мәселесі ерекше қадағаланды. Атам заманнан келе жатқан жаз айларында мал бордақылау тәжірибесін жаңартып, етке өткізілетіндерін бағып-күтудің технологиясы жасалып, іске асырылды. Нәтижесінде ет комбинатына жөнелтілген ірі қараның орта салмағы 400 келіге, қой 60 келіге жетті. Олардың 80 пайызы жоғары, ортадан жоғары қоңдылық дәрежесінде өтті. Мемлекетке сапалы ет өткізуден облыс республикада Қостанайдан кейін екінші орында болды. Мысалы, 1970 жылы облыстың колхоздары мен совхоздары мемлекетке 92 мың тонна сапалы ет өткізді. Мал саны жыл сайын өсіп отырды. Аталған жылы ірі қараның саны 510 мың, қой 2,9 млн. болды. Бұл – колхоз-совхоздағыларының саны. Біздің өңірде атағы даңққа бөленген қазақтың ақбас сиыры, Еділбай қойы, Көшім жылқысы көптеп өсірілгенін де айту керек.

Мал шаруашылығының қарқынды өркендеуіне Орал – Көшім суландыру жүйесінің салынуы күшті ықпал етті. Киров, Дөңгелек су қоймалары жемшөп қорын нығайтып, талай алқаптар мен жайылымдарды суландырды.

Отан соғысы орденімен марапатталған Ворошилов атындағы зауыттың және арматура, механика, Землячка өндіріс орындарының қатарына жаңадан салынған «Омега», «Металлист», «Гидроприбор» қосылды. Ірі ет комбинаты, тері-тон комбинаты жұмыс істеді. Орал ауыл шаруашылығы машиналарын жөндейтін зауыт одақта бірінші болып Ленин орденімен наградталды. Айтпақшы, «Аңқаты» мен «Перм» совхоздары да Ленин орденін алған. Бұл марапаттаулар үлкен жетістіктердің көрінісі еді. Бұл жылдары халықтың әл-ауқаты жақсы көтерілді. Жаңа мектептер, мәдениет және денсаулық орындары салынды. Әр ауылға электр желісі тартылды. Елдің жаппай еңсесі көтеріліп, рухани өрлеу етек жайды. Қай ауылға барсақ та, қызған еңбекті, шалқыған байлықты көретін едік.

Айтылғандардың бәрін тек қана Шапет Қоспанұлына таңудан аулақпын. Облыстың басшысы болғандықтан, оның орасан еңбегі бар екенін айтқан ләзім. Сөзді Шәкеңнің өзіне беріп көрейікші.

«Мен бұл жаққа Қостанай облысынан ауысып барғанмын. Бірде-бір кадрды әлдеқандай артықшылығы бар мінез-құлқымен сылап-сипап, өзіммен бірге ілестіріп апарғаным жоқ. Менімен бірге кілең жергілікті кадрлар жұмыс істеді. Мен ол азаматтардың бәріне де ризамын. Есімдері де ұмытылған жоқ. А. Байболатов, П. Землянов, Қ. Ілиясов, Т. Жұмақаев, Р. Егізбаев, Ж. Қазимов, К. Меңдәлиев, З. Гапонов, А. Бойнов, С. Сапаров, Т. Тәжімұқанов, Ғ. Қарабалин, Н. Башмаков, Х. Фазуллин сияқты білікті мамандар аудан мен облысты басқару қызметінде жақсы қырларымен көзге түсіп, үлкен құрметке бөленді. Ауыл шаруашылығы саласында небір талантты жігіттер болды ғой. Бисен Жұмағалиев сияқты көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар көп тірліктің басықасында болды.

Жайық өңірінде жақсы өмірді солар және сол кездің ұрпақтары өз қолымен жасады. Тақыр жерде ешнәрсе тұрмайды. Бүгінгі өміріміздің бір белесі сол кезеңдердің үлесінде. Орал өңірінде ел-жұрт біздің артымызда қалдырған ісіміз бен ізімізді даму тарихы ретінде айтса, сол да көңілді демдейді.

Ешкімді де, өзімді де ұятқа қалдырған жоқпын. Ұзақ жылғы партиялық қызметте жүргенімде жұмысыма байланысты бірде-бір ескерту алмаппын.

Менің өмірде бір шүкіршілік ететінім – сыйлас адамдарым көп. Олардың бірсыпырасының қызметте өсуіне себепші болған да шығармын. Мені сыйлап, құрметтейтін адамдарға алғыстан басқа не айтайын» - деген еді марқұм Шапет Қоспанұлы «Егемен Қазақстан» газетінің (26 қараша 2004 ж.) тілшісіне берген сұхбатында.

Шапет Қоспанұлының кісілік болмысы айтарлықтай-ақ болатын. Халық тілімен айтсақ, елдің екі тізгін, бір шылбырын қолында ұстап, биліктің бас айналдырар биігінде жүрсе де, ісін адал атқарып, ешқандай қиянатқа бармай, кісіліктің көркем келбетіне қылау түсірмеген адам. Ал қазағым жеке басының қасиеті елдік мүддемен ұштасып жататын, елі үшін шыбын жанын от пен суға салып жүретін, арманы асқақ, жүрегі таза, сезімі мөлдір жігіттерді атпал азамат деген ғой. Шапет ағамыз – дәл осының өзі.

Қуанышты кезде де, көлеңкелі сәттерде де өзін бірқалыпты ұстайтын. Асығып, саспайтын. 1963 жылдың басында Батыстың үш облысын қосып, өлке құрды. Баяғы Н. Хрущевтің өзімшіл, билеп-төстеуінің бір пұшпағы. Орталығы Ақтөбе қаласы болды. Үлкен штат, отыратын кеңсе, тұратын үй жоқ. Топырылысқан халық. Өлке басшыларының көбі шеттен келді, елдің жайын білмейтіндер. Мысалы, бірінші хатшы Кимстач – Краснодар өлкелік совет атқару комитетінің төрағасы, екінші хатшы – мәскеулік, басқалары да Ресейдің облыстарынан келгендер. Олар Ақтөбені менсінбеді, кішкентай қала, табиғаты жұпыны деп. Әлі есімде, тұңғыш танысуға келген Кимстач пен өлкелік атқару комитетінің төрағасы Хайдар Арыстанбеков қаланы аралады. Кеште қонуға саяжайға алып бардық. Қонақтар өзенге суға түсіп, жайланды. Табиғатқа таңдана қарады. Бір кезде Кимстач: «Какой дурак столицу края разместил в Актюбинске, когда есть Уральск?» деп Арыстанбековке қарады, ол «Сіз Оралда болған жоқсыз ба?» деп сұрағаны есімде.

Біздің жігіттер өлкеге жұмысқа шақырғанда бармады. «Орал қазақтары да, казактары да табан тіресіп тұрып алды» деген пі-кір қалыптасты. Аудандарда да өлкеден келгендермен жүре-бара сөйлесті. Бір сөзбен айтқанда, «Оралдықтар өлкені менсінбейді» деп тұжырым жасады. Үлкен мәселелерден облыстан мін таба алмағасын, уақ істермен шұғылданып, бірталай мазаны алды. Осы екі жыл Шәкең екеумізге оңай болған жоқ. Бірақ ол кісі ұстамдылық көрсетті, қызбалыққа бармады, кадрларды сақтап қалуға бар күшін салды. Өлке Н. Хрущев қуылғанның екінші күні таратылып, бәрі қалпына келді.

Сол бір жылдар облысымыз тек экономиканы алға бастырумен ғана емес, рухани өрлеу бағытында да қомақты істерімен көзге түсті. Республикада бірінші болып туған қаламыздың мерейтойын өткіздік. Бұл 1964 жыл еді, Орал қаласына 350 жыл толған. Айтарлықтай-ақ, есте қаларлықтай той-думан болды. Қазақстанның ғана емес, Ресейдің көп облыстарынан, Қазаннан қонақтар келді. Зиялылар, атақты жерлестеріміз көп жиналды. Қаланың қатпар тарихының ұмытылған беттері ашылды, кешегісі мен бүгінгісінен қызықты көріністер алға тартылды. Орал қаласының тойы туралы дақпырт көп жерге тарады.

Тағы бір есте қалған мереке – «Оралдың қаһармандық қорғанысының» 50 жылдығы. Азамат соғысы кезінде Орал қаласы үлкен стратегиялық торап болды. Қоршауда қалған қаланың халқы кеңес өкіметін қолдап, ақтарға берілмеді, әскерилерге көмектесті, жүз жігітін бастап, арғы беттен Абдрахман Әйтиев келіп қосылды. Лениннің өзі «Қаһарман қала» деп атаған оралдықтар 80 күн табан тіресті. Чапаев дивизиясы келіп қоршауды бұзып, ақтарды әрі ығыстырды. Тірі қалған сарбаздарын Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Н. Хлебников бастап келді. Генерал Шәкір Жексенбаев пен Хамид Чурин қолпаштап әкелген 1919 жылы Ордада жасақталған қазақ атты әскер полкінің бірқатар жауынгерлері де болды. Тойдың соңын Мәскеуге барып көрдік. Бұл 1969 жыл еді.

Мұның бәрін айтып отырғаным құр мақтанғандық емес, Орал жерінің тарихы мол, оған қызығушылар, көріп, білгісі келе-тіндердің көп екендігін паш ету ғана. Шынында да, біздің жеріміз – тұнып тұрған тарих. Бөкей ордасы – атақты сазгерлер Құрманғазы, Дәулеткерей, Мәмен, Дина, Махамбет, Мұрат, Ғұмар Қараш, Шәңгерей сынды күйшілер мен ақындар жүрген жерлерді кімнің көріп-білгісі келмейді дейсің?! Орал қаласында орыстың Пушкин, Жуковский, Лев Толстой, Крылов сияқты жазушылары, татар мен украин классиктері Ғабдолла Тоқай мен Тарас Шевченко болған. Сол жылдары Михаил Шолоховтың, қазақ қаламгерлері Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, қазақ өнерінің майталмандары Хадиша Бөкеева, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Шамғон Қажығалиев бастаған көп тобы жыл аралатып болып тұрғандары да Ақ Жайық өңірінің бақуатты, еңсесі биік ел екенінің куәсі іспетті еді.

Шапет Қоспанұлы қолынан іс келетін, ел тағдырына жаны ашып, сергек қарайтын, кең ойлап, кемел шешімдер қабылдай алатын жігіттерді маңайына топтастыра білді. Оның ішкі дүниесінен үнемі жылылық сезім, қолтықтап, демеп, қолұшын беруге әрқашан дайын тұратынын сезініп жүрдік. Бірақ онысын ішінде ұстап, жариялаудан аулақ болатын. Шапет ағаның қазақы болмысына сай қарапайымдылығы, қайырымдылығы басым еді, тынысы кең, өресі биік-тін. Ойы озық, сөзі сара, пайымдауы зерек. Өне бойы сыпайы, алды ашық болатын, біреуге ауыр сөз айтқанын естімедік.

Мен Шәкеңмен он жыл бірге істедім. Түсінісіп істедік. Ол кісі серіктестерінің бәріне бірқалыпты қарайтын. Обком хатшыларының құзырындағы мәселелерге көп араласпайтын. Әрине, бақылаусыз жібермейтіні анық. Дегенмен біздер өз саламызда еркін қимылдадық, қолымызды байлаған жоқ. Әсіресе, идеология саласында еркіндігіміз басым болды. Әркім өз жұмысына мұқият, аса жауаптылықпен қарап, облыс атына кір келтірмедік, қайта жылы сөздерді көп естігеніміз ақиқат.

Шапет Қоспанұлы ерен еңбегімен халықтың ықылас-ниетіне бөленді, қамқорлығы және азаматтық мұраттарымен әріптестерінің арасында зор абырой, қошеметке ие болды. Қайраткердің еңбегін өкімет те жоғары бағалады. Ол үш рет Ленин орденімен, «Октябрь революциясы», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталды. Төрт рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат, СОКП-ның үш сиезінде Орталық Комитет мүшесі болып сайланды. Бұл дегенің – үлкен лауазым, көп адамның қолы жетпейтін дәреже.

Оның 90 жылдығына орай балалары, немере-шөберелері альбом шығарыпты. Қарадым, бірде-бір орден таққан суреті жоқ. Шәкеңнің мансапқорлықтан аулақ екенін дәлелдейтін фактіні айтайын. Бір рет республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне шақырды. Екінші рет партияның Орталық Комитетінің лауазымды жұмысын ұсынды, бармады. 1975 жылы Д. Қонаев: «Ал, Шапет Қоспанұлы, 62-ге келдіңіз, Орталық Комитетке хатшы боласыз немесе зейнетке жібереміз, таңда!» - депті әзіл-шыны аралас.

Шапет Қоспанұлының отбасы да елдің құрметіне бөленді. Жұбайы Шолпан Рахметқызы өте сыпайы, жүрегі мен пейілі шуақ шашқан, бауырмал жан еді. «Бірінші ханыммын» деп тіпті де ерекшеленбейтін, қайта көзге көп түспеуге тырысатын. Екеуі 62 жыл бірге болды, Шәкеңнің өзінен үш жыл бұрын 83 жасында дүниеден өтті. Балалары да жақсы жағынан көрінді. Үлкені Әділ Новосібірдегі академик Лаврентьевтің жоғары математика мектебін бітіріп, сонда ғылыми жұмыста қалды. Талантты математик, орыс кибернетика институтының бас ғылыми қызметкері, 55 жасында қайтыс болды. Екі ұлы Әлім мен Болат – әскерилер, полковник. Жалғыз қызы Айгүл болса, Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясын бітірді, ұстаз. Немере-шөбе-релері бар.

«Алтын азбайды, асыл тозбайды» дейді халық. Бүкіл саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған Шапет Қоспанұлының өнегелі өмірі көзден таса, көңілден ұмыт қалмайды. Замандастары үнемі атын атап, адами қасиеттерін үлгі етіп, жаңғыртып отырары хақ.


Бисен ЖҰМАҒАЛИЕВ,

соғыс және еңбек ардагері,

Орал қаласы

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале