8.06.2016, 11:44
Оқылды: 32

«Қасиетті елге тағзым» еткен дарабоз әнші

????????????????????????????????????

 Қаратөбе ауданында Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосынның 70 жасқа толуына арналған «Қасиетті елге тағзым» атты шығармашылық кеші өтті.

   Талдықорған өңірінің тумасы Қажыбек Құдайбергенұлы жастайынан дәстүрлі ән өнерін жанына серік етіп, ұлттық өнерді насихаттауда елеулі еңбек сіңірген танымал тұлға. Дәстүрлі ән аманатын арқалаушы.


   Қ.Бекбосын Алматыдағы эстрада және цирк өнері студиясында Қазақстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғарифолла Құрманғалиевтің халық әндері класына оқуға түсіп, ұлағатты ұстаздан тәлім алған алғашқы шәкірттерінің бірі.

   Мұхит Мерәліұлы сынды талай жезтаңдай әншілерді дүниеге әкелген қасиетті Қаратөбе еліне өнер сапарының шымылдығын Мұхиттың «Паңкөйлек» әнімен ашқан Қажыбек Бекбосын дәстүрлі әнге сусаған жергілікті тыңдарман қауымның қошеметіне бөленді.

   Өнер кешін одан әрі Сегіз серінің «Жиырма бес», халық әні «Гүл-гүл жайна!», «Қыз Жібек» жырынан Шегенің термесін, Аманғалидың әні «Аманғалиды», Ақан серінің «Шырмауық», Кенен Әзірбаевтің «Жетпіс бес», «Кенен мен Шарипаның айтысы», Ғарифолланың «Ақжамал» әндерін шығу тарихына тоқтала отырып, орындап берді.

  Өнерде бірге жүрген ағасының шығармашылық кешінде өнер көрсеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қатимолла Бердіғалиев Мұхиттың «Ақиіс», Өтеғалидың «Жастық шақ», Ғарифолланың «Маусымжан» т.б әндерді шырқағанда көрермен делебесі қозып, қиқулады.

   Көрермен көңілінен шыққан ән кешінде жерлес әнші Майра Хайдарова «Перзент парызы», «Жалт-жұлт еткен, дүние-ай!», «Жылдар-жылдар», «Жібек-сезім», «Саған ғана...» әндерін әуелете шырқап, көрермен қошеметіне ие болды.

  Кеш соңында аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев Қажыбек Құдайбергенұлын мерейлі жасымен құттықтап, дәстүрлі ән өнерін насихаттап, халықтың қошеметіне бөленіп жүруіне тілектестігін жеткізіп, аудан әкімі Асхат Шахаровтың атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

   Көңілді қынжылтарлығы – төл өнерді насихаттаған дәстүрлі ән кешіне жергілікті көрерменнің аз жиналуы. Алайда, кеш иесі Қажыбек Бекбосынның «Көрерменнің аздығы маңызды емес, сіздердің пейілдеріңіз маған осыншалық ыстық» деген жүрек сөзі бізге медеу болды.

 www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале