26.05.2016, 13:23
Оқылды: 41

Қасиетті Рамазан айы

Imam Oral   Рамазан – исі мұсылманның  асыға күтетін, ораза ұстаған жанға Алланың сауабы төгілетін, айлардың сұлтаны ретінде мойындалған қасиетті ай.

   Тілдік мағынасына келсек, рамазан араб тіліндегі (ض م ر) сөзінен шыққан. Яки ораза ұстаушының қатты ыстық кезінде ішінің құжылдауын білдіреді. Тағы бір деректе шөлдің ыстық күндеріне сәйкес келгендіктен, осылай аталып кеткен. Тағы бір көзқарас бойынша рамазанды жүректің күш-қуат алуы, әсерленуі деп түсіндірген.


   Ораза – исламдағы негізгі рүкіндердің бірі. Сонау самауи діндерден жалғасып келе жатқан құлшылықтың түрі. Бұл оразаның адамның рухына, денесіне, денсаулығына тигізер пайдасы көп. Қасиетті Құран-Кәрімде: “Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер.

    Және сондай ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы (мұндай ораза ауыр келетін кәрі, ауру не екі қабат, омырауда баласы болған әйелдер оразаның орнына күніне бір фітір садақасын беруіне болады). Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар”. Пайғамбарымыз да өзінің хадис-шарифтерінде: “Ибн Омардан (Алла ол екеуіне разы болсын) келген хабарда: Алла елшісі (с.ғ.с) айтты: — Ислам бес негізге құралды: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі екендігіне куәлік беруге, намаз оқуға, зекет беруге, қажылыққа баруға, рамазан айында ораза ұстауға”. Хадистің шархында келеді: Ислам ол – хақ дін. Алла Тағала ол дінді үлкен бес бағанға құралған үй секілді қылды. Сол бес бағанның ең үлкені ортасында және қалғандары оның тіреушісі секілді. Сол бес бағанның бірі – ораза ұстау, яки рамазан айында ораза ұстау.

   Рамазан оразасы – Алламен байланыса отырып, нәпсіні тазалау және одан қорқу, оның ризашылығы үшін тақуалық қылу, сабырлықты басшылыққа алу, оған шүкір ету үшін нығметін еске алу. «Рамазан айының алғашқы түні болғанда, жәннат есіктері айқара ашылып, бұл рамазан айы бойы жалғасады. Сөйтіп, Алла Тағала бір жаратқанына бұйырады нида (жар салуды) қылуды. Нида қылушы (жар салушы): — Ей, жақсылық жасаушы жәннатқа келгін. Ей, жамандық жасаушы тоқтат. Және кейін тағы да былай дейді: Алладан кешірім сұраушы бар ма, сұрасын, Алла оның күнәсін кешіреді. Алладан дүние-мүлік сұраушы бар ма, сұрасын, Алла оған береді. Аллаға тәубе етуші бар ма, тәубе етсін. Алла оның тәубесін қабыл етеді.

    Осылайша бұл нәрселер таң уақытына дейін жалғасын табады. Алла Тағала мұ-сылмандар ауыз ашқанда, тозақ-қа лайық болған мыңдаған жанды тозақ отынан құтқарады» деген екен. Ораза тұтқан адам ешқандай адамның бақылауынсыз-ақ ішіп-жеуден тыйылып, қанша қиналса да, өз-өзін ұстай алады. Қатты қиналғанда адамның көзінен таса жерге барып, қарнын қампитып алып, оразамын деп жүруіне болады, бірақ ол Алланың «барлық нәрсені білуші» деген сипатымен иман келтіргендіктен, ондай іске бармайды. Сондықтан ораза тұтқан адам әрдайым Алламен бірге екенін ұмытпай, кез келген жерде Жаратушыдан сақтанады. Осылайша ол Алладан ештеңені жасыру мүмкін еместігіне иман еткендіктен, ақыреттегі халін ойлайды. Ал жүрегінде ақыретте жауап беру сезімі жоқ адамнан мұндай нәрсе алмайсыз. Бұл тек қана иман жүзді адамға тән. Сондықтан ораза – иманның көрсеткіші. Оразаның адам баласына, жалпы жамағатқа берер пайдасы өте көп. Расында, Алла Тағала оны алдыңғы үмметтерге парыз қылды. “Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар”. Кейін оны Мұхаммед үмметіне парыз қылды. Әрбір парыз етілген құлшылық белгілі бір амалдан (намаз — дәрет алудан, Құран оқудан сияқты) тұрады. Сол амалдарға жараса, оған сауап беріледі. Ал ораза болса ол – амалды тәрк ету. Сондықтан оның сауабы Тәңірден сүйінші сыйлық болған сауаппен ұласады. Алла Елшісі (с.ғ.с): Алла Тағала айтты: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық істері (құлшылықтары) өзіне. Ал оразаның жөні бөлек, өйткені ораза Менің разылығым үшін ұсталады, сондықтан оның қарымын (сауабын) өзім беремін» деген. Ораза — (иесін күнәлардан, тозақтан қорғайтын) қалқан. Кім болса да, ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер оған біреу тіл тигізсе, не болмаса онымен ұстасып, төбелеспек болса, оған: «Менің аузым берік!» — деп ескертсін. Мұхаммедтің жанын уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының ау-зынан шыққан жағымсыз иіс Алла Тағаланың құзырында мисктен (хош иісті әтірден) де жұпарлы болып табылады. Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанда, ауыз ашқаны үшін қуанады және Раббысымен қауышқанда, ораза ұстағаны үшін қуанады» деп айтты» деген. Егер мұсылман күндіз ораза тұтып, түнгі уақытта Құран оқыса, Қиямет күнінде оны қорғайтын және оған кешірім беруді өтінетін, тозақ отынан сақтайтын екі жақтаушысы болады. Олар ораза мен Құран. Хадисте былай риуаят етіледі: «Қиямет күнінде Алланың құлына ораза мен Құран болысады. Ораза айтады: «Тәңірім! Мен оны күндіз ішуден және жеуден тыйдым». Құран айтады: «Мен оны түнде ұйқыдан қалдырдым, сол үшін оған болысамын». Олардың өтініштері қанағаттандырылады. Оразаның басқа құлшылықтан ерекшелігі – ол көзге көрінбейді. Намаз оқығанда иілесіз, сәждеге барасыз, отырып-тұрасыз, бір сөзбен айтқанда, намаз оқып тұрған адамды көруге болады. Зекет пен хаджда дәл осындай. Ал ораза тек тұтқан адам мен Аллаға ғана мәлім. Яки ораза мубах-халал етілген амалдарды тәрк ету болса (тамақ ішу, су ішу), ал оның алдында харам етілген амалдарды тастау қалай болмақ. Яғни біздің бірінші болып тастайтын нәрселеріміз мәкруһ, харам нәрселер болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с ) айтты: «Кімде-кім ораза болып, жаман сөзден және оған амал етуден тыйылмаса, Алла оның тамақтан және судан тыйылғанын қажет етпейді». Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде былай дейді: «Ораза – қалқан (күнәларға қарсы). (Қалқан арқылы дұшпанның оғынан, қылышынан қорғансаң, ораза арқылы шайтанның шабуылынан қорғануға болады). Кімде-кім ораза кезінде жаман сөз айтпасын, өсек-аяңнан сақтансын, егер біреу оны балағаттап яки төбелеспек болса, «Мен оразамын» деп айтсын». Адамның денесіне, рухына таптырмас дәрі-дәрмек, ем-шипа болатын — бұл ораза пайғамбарымыздың өсиеті. Алла елшісі Әба Умамаға өсиет ете отырып айтты: «Оразаны лазым тұт, расында, оған тең келер нәрсе жоқ».

    Ораза – бір берекелі рухани кезең, ұлық медресе, нәпсіні тәрбиелеу. Ол сондай бір Адамның рухына, ахлағына пайдалырақ болатын азықпен азықтану. Нәпсімен күресу, шаһуатты кесу, бір жүйеге түсу, кедейге қарайласу, нығметтің қадірін түсіну, тойымсыздық пен ашкөздіктіктен тазару, жүректің тазалығы, ғибадаттың ләззәтімен шұғылдану, Алланың зікірімен, Құранымен иғтикафпен азықтану, сабырлықпен байсалдықта өзара жәрдемдесу. Біз үшін қасиетті рамазан айын күнәмыз үшін тәубеге келіп, Құдіретті Жаратушы иемізден от азабынан құтқаруын тілеп қарсы алғанымыз әлдеқайда жақсы. Осы бір мүбәрак айға жетуді қаншама адам армандады десеңізші! Өкінішке орай, ажалы жеткен тағдырдың жазуынан құтыла алмады, олар қабірінде барлық амалы тыйылып, барзақ әлемінің тұрғынына айналды. Олар енді жақсы амалын арттыра да алмайды және жіберіп алған күнәсы мен кінәсі үшін тәубеге де келе алмайды. Ал біз Аллаһ Тағаланың мейір-шапағатының арқасында бұл айға аман-есен жетіп, кінәміз бен күнәмізға кешірім сұрауға, құлшылығымызды арттырып, Аллаһтың рақымынан үміт етуге мүмкіндік алып отырмыз. Міне, оразаны 11 ай бойы адамның тәні мен жанына жабысқан кірден арылтатын үлкен сынақ деп түсінген жөн. Оразаның мәні мен маңызын түсініп, тұтуды Аллаһ Тағала баршамызға нәсіп етсін!

www.zhaikpress.kz

Руслан СҰЛТАНОВ

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале