31.03.2016, 12:59
Оқылды: 46

Қоғамдық мәселелер қаралды

Borli sovett     Бөрлі ауданы әкімдігінде қоғамдық кеңес отырысы өтіп, күн тәртібінде бірнеше мәселелер қаралды.

     Қоғамдық кеңес төрағасы И. Измағамбетов жүргізген бұл басқосуға аудан әкімінің орынбасары А. Сафималиев, қала әкімі Ж. Ермұқанов, аудандық мәслихат хатшысы Ә. Куликешев, кеңес мүшелері мен селолық округтер әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.


      Күн тәртібіне сай, алдымен қоғамдық кеңестің президиумы сайланды. Келесі кезекте мәслихат хатшысы Ә. Куликешев қоғамдық кеңестің қызмет бағыттары бойынша 3 комиссияның құрамын және төрағасын ұсынды. Комиссияларды атап өтсек, алғашқысы қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау жөніндегі комиссия болмақ. Оның төрағасы болып Ә. Куликешев сайланды. Келесі өнеркәсіп, кәсіпкерлікті дамыту, аграрлық саясат мәселелері бойынша комиссияның төрағасы болып КПО компаниясының кәсіподақ кеңесінің төрағасы, Бөрлі ауданының құрметті азаматы А. Неверов сайланды. Үшінші білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, құқық қорғау органдары, жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізу мәселелері бойынша жұмыстанатын комиссияның төрағасы болып мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Кушкенбаев бекітілді. Әр комиссияның құрамында 10 адам бар. Алдағы уақыта осы комиссиялар қалай жұмыс жасайтын болса, қоғамдық кеңестің жұмысы да сол деңгейде болмақ.

     Аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі Б. Мукашева қоғамдық кеңестің 2016 жылға аналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Жоспардағы жұмыстар төрт тоқсанға бөлінген. Алдағы тоқсандарда атқарылатын жұмыстардың қатарында аудандық ішкі істер бөлімінің жедел-қызметтік әрекетінің 1 тоқсандағы қорытындысы жөнінде жергілікті полиция қызметі басшысының баяндамасы, аудан әкімінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде беретін есебі бар. Сондай-ақ аудан бюджетін талқылау да қарастырылған.  Ботагөз Батырғалиқызы айтып өткендей, қоғамдық кеңестің әрбір мүшесі өзінің ұсыныстарын жазбаша түрде кеңес төрағасына ұсына алады.

      Бұл отырыста қаралған маңызды мәселенің бірі аудандық өлкетану мұражайын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде болды. «Біздің мақсатымыз - халық мұрасын сақтау», - деген музей директоры З. Абдукалимова күрделі жөндеу жүргізу мәселесі көптен бері айтылып келе жатқанын айта келіп, шатырдан су ағатынын, ал бұл жарық жағуға кедергі екенін тілге тиек етті. Бұл мәселе бойынша мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінң басшысы А. Кушкинбаев: «Мұражай облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының теңгерімінде болғандықтан, біз жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Бұл мәселе жөнінде жыл сайын басқармаға айтылды, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Қазіргі уақытта мұражайды аудандық демалу орталығының теңгеріміне аудару жөнінде құжаттар рәсімделіп жатыр. Құжат дайын болған соң, жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттарын жасаймыз. Одан әрі қаражаттың бөлінуіне байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», - деді.

       Қалалық зиратты жайластыру да отырыста қаралған келелі мәселе болды. Бұл зират осыдан төрт жыл бұрын салынған. Халық арасында осы зиратты көктем мезгілінде су басады деген қауіп бар деген кеңес төрағасы И. Измағамбетов аудандық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ. Шариповқа тиісті мекемелерге хабарласып, судың әсер етуі, топырақ жағдайы жөнінде нақты тексеру қажет деген ұсынысын айтты. Отырысқа қатысушылар салынғанына елу жылдай болған бұрынғы зиратта жерлейтін орын азайғандықтан, жаңа зиратты пайдалану қажеттігін баса айтты. Бұл мәселе қала әкімі Ж. Ермұқановтың назарында болмақ.

       Отырыс барысында әр мәселе қызу талқыланды. Келесі басқосуда жазбаша келіп түскен мәселелер күн тәртібіне ұсынылатын болады.

www.zhaikpress.kz

Ясипа РАБАЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале