18.04.2016, 16:46
Оқылды: 19

«Қоқыс тасымалына қарыз 40 миллион теңгеден асты»

Musor    Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық тәртіп пен қаланың санитарлық тазалығын қадағалау және ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейд өтті. Оған Орал қалалық ішкі істер басқармасының Абай полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы, аға лейтенант Берік Тілеулеев, қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қапиет Ғинаятұлы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы абаттандыру секторының бас маманы Роман Жумиев қатысты.


     Рейдтік шолу, алдымен, Комсомол мен Ғұмар Қараш көшелерінің қиылысынан басталды. №3 полиция учаскесінің қызметкері, аға лейтенант Максим Әубекеровтың айтуынша, осы тұста орналасқан контейнер қасына ылғи да қоқыс үйіліп жатады екен. Оның сөзін Ғ. Қараш көшесінің тұрғыны, зейнеткер Жексенғали Қапезұлы (суретте) да растады. «Қатты төсем салынбаған соң контейнер орна-ласқан жер жауын-шашын күні лайсаң, балшық болады. Сондықтан қоқысты көбіне сыртына лақтырып кетеді. Қайсысын бақы-лап тұрасың. Ескертуге де құлақ аспайды», – деп қынжылысын білдірді ол.

     Жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындарға жадынама таратты. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына және облыстық мәслихаттың №26-4 қаулысына сәйкес қала мен елді мекен аумағында абаттандыру қағидаларын, соның қатарында жеке үй айналасы мен көше тазалығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті. «Ескерту бергеннен кейін нәтиже шығармаса, кінәліге айыппұл саламыз. Бір айдың ішінде өтеп болу керек. Бұл жазадан жалтарғанның өзінде айыппұлды өтемегені туралы мәлімет дерекқорда сақталатынын ескеруі тиіс», – деді Берік Тілеулеев.

     Кейін рейд тобы К. Меңдәлиев көшесіндегі 2-үйдің қасына ат басын тіреді. Мұнда пластик құтылар бөлек сұрыпталады екен. Бірақ темір жәшік қасында резеңке дөңгелек, терезе жақтауы, шатыр сынықтары секілді түрлі тұрмыстық қалдықтар орын теуіпті. Оны тазалауға жұмылдырылған жұмыс тобы — «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның қызметкерлері екені белгілі болды. Осы аумақтағы тұрғындардың кәсіпорынға берешегі 100 мың теңге құрайтынын серіктестік басшысы Әділбек Қадыров қынжыла айтты.

     Орал қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің инспекторы, капитан Динара Әбділхалықованың мәлімдеуінше, ҚР ӘҚК-ның 505-бабына сәйкес қаланы абаттандыру қағидасын бұзғаны үшін биылғы үш айда 329 адам, ал 620-бабында көрсетілген құ-қықбұзушылық, яғни жүргінші жолға қоқыс лақтырған 7500 тұрғын жауапкершілікке тартылған.

     Ет комбинаты шағынауданындағы Гагарин, Луговой көшелерінің соңы Жайық өзенінің жағасына барып тұйықталады. Дәл осы тұста жиналған қоқыс үйіндісі бес жылдан бері тазаланбапты. Жайықтың осы жақ бетіндегі жағалауда кеме жөндеу зауыты орналасыпты. Кәсіпорын қызметкерлер жағадағы қоқыс жатқан жер ешкімнің меншігінде жоқ екенін айтқан. «Ет комбинаты ауданында қоныс-танғаныма алпыс жылдан асты. Қолына мал ұстап отырған көршілер де бар. Олар малдың қиын қоқысқа тастап, кейде өртеп жатады. Түтін осы төңіректегі ауаға таралып, қоқыс қалдықтары желмен көше бойына ұшады», – деді Райхан Ниязова (суретте). Тұрғындар қала әкімдігінен осы мәселені шешіп беруге көмек сұрап отыр. «Орал Таза Сервис» ЖШС арнайы техникамен келсе, ақысын төлеу керек. Ортақ қаржыны шығарғысы келмегендерге айыппұл салынсын деген олар Жайық өзеніндегі су деңгейі соңғы уақыттарда көтерілмегенінен шүкір етеді. Әйтпесе, арнасынан лықсыған су көшеге жайылып, күллі қоқыс көтеріледі екен. Әсіресе, ба-лаларының денсаулығына алаңдап отырған тұрғындар енді қала әкімдігі бұл мәселенің шешімін тауып беретініне сенеді.

www.zhaikpress.kz

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале