6.05.2016, 18:14
Оқылды: 26

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында жергілікті журналистермен кездесті.

Tomendegi deputat     Облысымызға келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Рашит Ахметов пен Ерболат Мұқаев «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында жергілікті журналистермен кездесті.


     Елбасының жариялаған «100 нақты қадам»-«Ұлт жоспарын»,  «Мәңгілік ел» актісі мен  еліміздің бірақатар заңдарындағы  өзгерістерді түсіндіруге және халықтың ұсыныс-пікірін тыңдауға  келген  халық қалаулылары журналистердің сұрақтарына жауап берді.

    Рашит Сайранұлы және Ерболат Рахметұлы кездесу барысында Парламент Сенатының жұмыс барысы жайында баяндап, мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап берді.

    - Тәуелсіздіктің 25 жылында Парламенттің жемісті де, жеңісті жылдары көп. Алайда, тұралаған, халық көңілінен шықпаған тұстары да болды. Енді сол олқылықтар мен кеткен кемшіліктердің орнын толтыруға кірістік. Әсіресе, соңғы айларда Жер кодексіне қатысты пікірлер қызу талқыға түсуде. Елбасы халық арасында резонанс тудырған жер мәселесіне байланысты  2017 жылдың 1-қаңтарына дейін мараторий жариялады. Енді Парламент депутаттары кез-келген шешімді халықтың пікірімен санаса отырып шешетін боламыз, - деген Рашит Сайранұлы облыс бойынша атқарылып жатқан істерге де мән беріп өтті. – Биыл облыстағы  жол жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджетті қоса есептегенде 16 миллиард 984 миллион теңге бөлінсе, оның 5 миллиард 600 миллион теңгесіне республткалық маңызы бар Орал-Тасқала бағытындағы жолдар жөнделмек. Сондай-ақ, бұдан бұрын басталған Чапай-Жалпақтал, Қазталов-Жәнібек жолдарындағы жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Жол мәселесіне қатысты барлық бағыттағы жұмыстар іске асырылатын болады, - деді өз Рашит Ахметов.

     Ал Ерболат Мұқаев бес институционалдық реформаның бағыттарына тоқталып, қазақ елін «Мәңгілік елге» айналдыруда көптеген игі шаралардың іске асып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, облысымыздағы газдандыру мәселесі өзге облыстармен салыстырған алдыңғы орында тұр, яғни 93 пайызды қамтыған.  Әлеуметтік салалардың да жоғары көрсеткіштерін атап өтті.

     Халық қалаулысы  жер мәселесі туралы да өзінің мәлімдемесін  жасады.

     - Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы бағытында пайдалануға берілген 100 миллион гектар жер болса, оның 99 миллион гектары өз еліміздің азаматтарына пайдалануға беріліп отыр. Тек  1,3 миллион гектары жеке қолда. Қауіпсіздік қорғанысына, орман қорларын қоспағанда әлі де 100 млн гектар жер бар. Жаңа саясат бойынша осы бос жатқан жерлерді пайдалануға беру туралы ұсыныстар қаралған болатын. Енді мараторий уақыты біткенше осы мәселелерді халықпен бірлесе шешеміз, - деді.

    Одан бөлек журналистер депуттарға Жер кодексіндегі заң баптары, үш тұғырлы тіл саясаты және облыстық газеттерге жазылу бағасы бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

   Кездесу соңында «Жайық Пресс» ЖШС директоры халық қалаулыларына Ж.Молдағалиев пен М.Өтемісұлының өлеңдері топтастырылған жыр кітаптарын сыйға тартты.

     Мақаланың жалғасын «Орал өңірінің» алдағы сандарынан оқи аласыздар.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале