7.09.2016, 20:29
Оқылды: 65

ҚР халық əртісі Т.Шəмеловтің 65 жас мерейтойын Ақ Жайық жұрты ескерусіз қалдырмады

Т. Шамелов  Елге танымал күйші-композитор, ҚР халық əртісі Тұяқберді Шəмеловтің 65 жас мерейтойын Ақ Жайық жұрты ескерусіз қалдырмады.

  Бүгін Орал қаласындағы жастар мəдениет үйінде "Мың тұяқ дүбірі - бір Тұяқтың саусағы" атты еске алу кеші өтті.


  "Қазақстан-Орал" телеарнасының редакторы Мұнайдар Балмолда дайындаған деректі фильм көрсетілген соң, сахнада облыстық мəдениет, мұрағаттар жəне құжаттама басқармасының басшысы Дəулеткерей Құсайынов пен жергілікті танымал тұлғалар туралы тұшымды дүниелер жариялап жүрген респубикалық "Егемен Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын дарабоз дарынның даңқы ел есінде берік сақталатынын атап өтті.

  Концертте Тұяқберді Шəмеловтың "Асқаралы азамат" (сөзі М.Құлкеновтікі), "Домбыра" (Қ. Мырзалиев), "Сен аман бол, Ақжайық" (А.Бақтыгереева), "Бөкей Орда, жасай бер!" (Ғ.Сейтақ) секілді əндерін жергілікті күміс көмей əншілер тамылжыта шырқаса, жас домбырашы Əлібек Қуанышалиев "Қали-Мəмен - күмбір күй" туындысын бабына келтіре орындады.

   Кеште сөз алған танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева жастар тəрбиесінде күй өнерінің маңызы айрықша екенін, сондықтан ерекше қадірлей білу керектігін айтса, күйшімен бірге талай мəрте дəм-тұз татқан жаңақалық сөз сойының шебері Зəкəрия Сисенғалиев арнау өлеңін оқыды. Тұяқберді Шəмелов шығармашылығынан əсем əн-күйлерді шалқытқан Қатимолла Бердіғалиев, Сəуле Таудаева, Дастан Есентеміров, Ақмарал Ахметова, Еркін Өтегенов сынды өнер иелерін Дəулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі сүйемелдеді. Ақжайық алыбының 65 жылдық мерейжасына арналған шараны Т.Шəмеловтің Алматы қаласынан келген асыл жары Сəуле Шəмелова қорытындылап, кешті ұйымдастырушылар мен оларға қолдау білдірген облыс əкімдігіне алғыс айтты.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале