28.09.2016, 18:34
Оқылды: 19

Қуат қалдықтан өндірілмек

 saken-musor       Қаламыздағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында электр қуаты өндірілмекші. Соған орай финляндиялық компания топографиялық, географиялық бағыттардағы зерттеу жұмыстарын бастады.


         Финляндиялық инвесторлар электр қуатын биогаздан өндірмекші. Ал биогаз негізінен метаннан тұрады. Мамандар 40 жыл болған полигонда метан қоры жеткілікті деп отыр. Қазіргі уақытта оның нақты қорын анықтау жұмыстары жүргізілуде. «Қоқым полигонына түскен тұрмыстық қалдықтарда 2-3 жылдан кейін аноэробтық реакция жүріп, оның құрамындағы биологиялық заттар жойылып, метан пайда болады. Соған байланысты жағымсыз иіс шығып, жаз айларында өрт болады, - дейді «Доранова» фин команиясының экспорт бойынша директоры Андрей Аверин. - Біздің компания арнайы технология арқылы жер астындағы газды сорып, полигон аумағында орнатылатын биогаз жинақтайтын құрылғыға құяды. Артынан жинақталған газ  экогенераторға түсіп, ол жерден электр қуат алынады. Жалпы Орал полигонынан  сағатына 1 МВт қуат көзін өндіруге мүмкіндік бар. Бұйыртса, бұл бағыттағы жұмыстарды келесі жылдың көктемінде бастамақпыз. 2014 жылы қабылданған Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес биогаздан өндірілген электр қуаты жасыл энергия болып саналады және сол тариф жүйесімен саттыққа шығарылады. Оны мемлекет әр киловатын 32 теңгеден сатып алады».

       Сондай-ақ бұл жоба аясында полигон аумағы адам танымастай өзгереді. Яғни болашақта бұл жерде бұрын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болғанын көп ешкім білмеуі мүмкін. Андрей Авериннің айтуынша, бұрын Финляндия астанасының да шет жағында біраз жерді алып жатқан тұрмыстық қалдықтар полигоны болған. Осындай жобаның арқасында полигон аумағы қазір жасыл желекке бөленіп тұр. Тұрғындар онда гольф ойнайды. Бірақ олардың көбі бұрын бұл жерде тұрмыстық қалдықтар полигоны болғанын білмейтін көрінеді. Ол жерден әлі күнге дейін 16 МВт электр қуаты өндірілуде. Егер бұл жоба да сәтті жүзеге асса, осы маңды оралдықтардың демалыс орындарының біріне неге айналдырмасқа?!

         Елімізде баламасы жоқ мұндай жоба неге біздің өңірімізде қолға алынып жатыр деген сұраққа келсек, фин кәсіпкерлері көп нәрсе жергілікті атқарушы биліктің нақты қолдауына байланысты екенін айтады. Аталмыш компания өкілдерінің елімізде осы жоба аясында жұмыстанып жатқанына екі жылдай болған. Бірақ өзге өңірлердегі істері Оралдағыдай кең қанат жаймаған. «Финляндия мемлекеті жергілікті фирмалардың шетелде жұмыс істеуіне мүдделік танытып отыр, - деді  Андрей Аверин. - Соған орай үкімет тарапынан экономикалық тетіктер іске қосылуда. Яғни біз секілді фин фирмаларымен жұмыс істейтін шетелдік компанияларға төмен пайыздық несие алуға мүмкіндік туады. Ертең осы полигонда бізбен бірлесіп жұмыс істейтін оралдық компанияға да қажет жағдай жасалатын болады».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале