3.06.2015, 10:29
Оқылды: 29

Қыздардың суға кеткенін қарап тұрыпты...

Suga ketu  Биылғы суға түсу маусымы әлі ашылмаса да, жаз басталысымен балалардың суға кетуі жиілеп кетті. Мамыр айының басынан бері облыс бойынша жалпы 13 адам тілсіз жау – судың құрбаны болса, соның 8-і - бала. Су «жұтқан» ұл-қыздың ішіндегі ең кішкентайы төрт жаста екен.  Бұл туралы облыстық прокуратурада білім басқармасының, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және прокуратура өкілдерінің бірлесіп өткізген брифингінде мәлім болды.

Облыстық прокуратура басқармасының басшысы Жаннұр Ахметбектің айтуынша, балалардың өлімі бойынша фактілерді тергеу нәтижелері олардың барлығының суға түсуге болмайтын жерлерде суға кеткендерін көрсеткен. «Қайғылы оқиғалардың көпшілігі ата-аналардың өз балаларын қараусыз қалдыру салдарынан орын алғанын байқатты. Мысалы, сыныптастарымен табиғатқа шығып демалып келген 12 жастағы үш қыздың ата-анасы олардың бірнеше сағаттан кейін өзенге шомылуға баруларына жол берген. Соның нәтижесінде екі қыз  судың құрбаны болды. Балалардың суға кету фактілерінің біреуі бойынша қайғылы оқиға мұғалімдердің салғырттығынан орын алған. 2013 жылы облыс бойынша суға түсу маусымында бір, 2014 жылы 9 бала суға кеткен. Ал, биылғы мамыр айының өзінде 8 ұл-қызды су «жұтса», соның 7-еуі мамыр айының соңғы аптасында құрбан болған.

-Табиғат аясында демалып келген 12 жастағы үш қызды ата-аналары үш сағаттан кейін суға шомылуға қайта жіберген. Біреуінің бетонды шлюзден құлап, суға батқанын көрген екіншісі көмек берем деп суға бата бастайды. Оларға таяқ ұсынған үшінші қыздың әрекетінен ештеңе шықпайды. «Атап айтқым келетіні, үшінші қыз бала қарсы бетте тұрған ер адамды көмекке шақырады. Бірақ ол азамат бұрылып кетіп қалады. Оның бұл қылығы әрине, жиіркеніш тудырады. Ересек адамдардың балаларға деген қатыгездігі, безбүйректігі кешіруге жатпайды. Бірақ заң тұрғысынан оған ешқандай айып таға алмаймыз. Сондықтан ата-аналарға қалада, мейлі ауылда тұрсаңыз да, ұл-қызыңызды қараусыз қалдырмаңыздар дегім келеді. Осы оқиғадан түйгеніміздей, қатігез адамдар бөгде біреудің басына төнген қауіпке ара түсе алмайды»,- деді Танзила Александрқызы.

Ақжайық ауданында 25 мамырда мектеп бітіру сәтін табиғат аясында атап өткісі келген түлектердің бірі аяғын жуамын деп сүрініп кетіп, иірімді суға батып кеткен.

Мамыр айының тек соңғы аптасының өзінде 7 баланың суға кетті. Бейбіт өмірдегі мұндай қайғылы оқиғалар тек ата-аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның бұл мәселеге енжар қарамай, қағілездік танытуын қажетсінеді.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале