21.04.2016, 17:15
Оқылды: 17

Қымыз іздесең Жаңақалаға кел

Kimiz     Жаңақалалық «Шамұрат» шаруа қожалығы аудан орталығын сүт өнімдерімен қамтып отырған бірден-бір шаруашылық. Қожалық иесі Темірлан бие байлап, қымыз ашытуды 2002 жылдан бастаған. Қазір бағымда 150 жылқысы бар. Өткен жылы 35 бие байлап, ауданаралық сауықтыру орталығын қамтып, азды-көпті дүкендерге шығарып, қалғанын Орал қаласына жіберіп тұрған.


     Темірланның қымызы сапалылығымен ерекшеленіп,  қалада да үлкен сұранысқа ие болған. Тіпті қаладағы кейбір қымыз сатушылар өтуі төмен өз өнімдерін өткізуге Темірлан атын жамылыпты.

     -Ол рас. Біреуін өзім көрдім. «Қымыз қай жердікі?» десем, беті бүлк етпей «Жаңақаладан, Темірландікі» дейді, «Неге өтірік айтасыз? Сол Темірлан менмін» дегем, қысылып қалды. «Тез өту үшін айттым» дейді. Олардың сапасыз өнімі менің еңбегіме нұқсан келтіреді ғой,-дейді Темірлан.

     Темірлан биыл 50 бие байлауды жоспарлап отыр. Қожалықтағы жұмыс жасайтын 10 адамның 4-і осы қымыз дайындаумен айналысады.

     -Қымыз – кінәмшіл сусын. Оны бабымен ашыту оңай шаруа емес. Пайда үшін көлемін көбейтпей, сапасына мән бергенде ғана ұлттық сусын қадірін сақтайды,-дейді Темірлан.

    Сол сияқты, бұл қожалық сиыр сауып, қаймақ, ірімшік, айран сатуды жүзеге асырып келеді. Бұл сүт өнімдеріне де ауданда сұраныс мол. Сондықтан Темірлан сүт көлемін өсіру үшін  өткен жылы Ресейден 51 бас сүтті-етті саналатын қырдың қызыл сиырын сатып әкелді.

     -Сүтті сиырдың бұл түрін таңдағаным – біздің табиғатқа үйлесімді, көп күтімді қажет етпейді,-дейді ол.

     Сүтті сиырларының алды төлдеп жатыр екен.

     Бұл қожалықтың басты қиындығы – электр көзінің жоқтығы.

     -Электр қуаты болса цех ашу, басқа да жоспарларымыз көп-ақ. Оның үстіне малға су тапшы, өріс тар. Құм асып кетуге дайындаған сүт өнімін сатуға әкелудің қиындығы мүмкіндік бермейді,-дейді Темірлан.

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале