26.05.2015, 22:32
Оқылды: 32

Қыршынынан қиылған саңлақ Сапарғалиев Жасұланға арналған жас футболшылар турнирі өтті

Sirim futbol   Сырым ауданында футболдан «Ақ бидай» облыстық спартакиадасының  жеңімпазы, облыстық жарыста «Ең үздік қорғаушы» атағын алған, қыршынынан қиылған саңлақ Сапарғалиев Жасұлан Қайыржанұлын еске алуға арналған шағын футболдан 2003-2004 жылы туылған жасөпірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті.

Турнирді ұйымдастыруға Сырым аудандық балалар мен жасөпірімдер мектебі мұрындық болып, Жымпиты ауылының 1979, 1978, 1976 жылғы атқамінер азаматтары, достары демеушілік етті. Сырым, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау  аудандарының жас аяқдопшылары сынға түскен жарыстың ашылу салтанатына марқұмның бауырлары, жары, ұлдары қатысты. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Жасұлан Қайыржанұлының ағасы Руслан Сапарғалиев, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов, досы Өркен Бисенғалиев, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерболат Мұқанов сөз алып, жарық жұлдыздай жарқ еткен Жасұлан Қайыржанұлы жайында жарқын естеліктер айтып, турнирдің сәтті өтулеріне тілек білдірді.

Турнирдің қорытындысымен бірінші орын Сырым ауданының командасына берілді. Жарыс соңында жас футболшыларға сыйақы табыс етілді. Жасұлан Қайыржанұлының ұлдары, балғын аяқдопшылар Керей мен Абылайға естелік сыйлық пен ақшалай сыйлық ұсынылды.

www.zhaikpress.kz

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале