30.09.2016, 19:51
Оқылды: 34

Қысқы маусымға дайындық пысықталды

kolginov-kiska-dayindik   Облыстық әкімдіктің кіші залында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысында азаматтық қорғау күштері мен құралдарының 2016-2017 жылғы күзгі-қысқы, көктемгі маусымға дайындық жұмыстарының барысы, азаматтық қорғау бойынша облыстық қызметтердің өз міндеттерін орындауы мәселелері қаралды.


   Жиынды ашқан облыс әкімі табиғи техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға азаматтық қорғау жүйесіндегі күштер мен құралдардың тұрақты дайындығы облыстың жағырапиялық, экономикалық, инфрақұрылымдық және климаттық жағдайына негізделетінін атап көрсетті. «Көктемгі және жазғы ауа райының қолайлы жағдайы шөптің шығымдылығына, астықтың және мал азығының мол жиналуына мүмкіндік берді. Экономиканың даму үрдісі өндіріс нысандарының және тұрғын үй, әлеуметтік құрылыстың өсуіне әкеледі. Бұл азаматтық қорғау жүйесіндегі әдістерді жетілдіруге, тұрғындар мен аумақтың, шаруашылық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндеттейді. Азаматтық қорғаныс аумақтық және салалық принцип бойынша құрылып, әрбір орындаушыдан өз аумағында  басқару формаларын және әдістерін жетілдіру, үйлестіру және өзара әрекетті талап етеді», - деді Алтай Көлгінов.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев алдымен барлық аудандарда орын алатын төтенше жағдайларға жан-жақты тоқталды. Биыл өңірде мал азығының екі жылдық межесі жасақталған. Жылыту маусымына бюджеттік мекемелердің отынға деген қажеттілігі 4,4 мың тонна көмір мен 1,4 мың сұйық отынды құрайды. 645 білім беру нысаны түгелдей, 407 денсаулық сақтау нысанының 403-і, 379 әлеуметтік нысанның 376-сы, 1269 тұрғын үйдің 1140-ы қысқа дайын. Облыстық жолдар мен көпірлер қызметімен 1392 шақырым республикалық маңыздағы  және 1758 шақырым облыстық маңыздағы  жолдар күтіледі. Қысқы суықта жолдағы жолаушылардың амандығы үшін 21 жылыту пункті әзірленген. Жалпы 228 қар басуы ықтимал жол телімдері анықталған. Облыс бойынша қыста төтенше жағдайларды жоюға 182 техника, 458 адам жұмылдыру көзделген. Қыс кезеңіне басқару құрылымдары мен күштердің, құралдардың дайындығы «Қыс - 2016» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу барысында облыстық штабпен тексеріледі.  Облыс басшысы қыс мезгілінде адамдардың жоғалуы сол адамдардың өздерінің және оларды іздейтін құтқарушылардың өмірлеріне қауіп төндіретінін айтып, мұндай фактілерді болдырмау мақсатында қандай іс-әрекеттер алуға болатыны жайында ой бөлісті. Ж. Жұмашевтың айтуынша, аудандардағы, екі ауылдық округтегі өрт сөндіру бөлімшелерінде  тек өрт сөндіру техникалары бар болғанымен, олардың жолсызбен жүре алмайтынын, сондықтан арнайы жабдықталған техника алу қажеттігін алға тартты. Облыс басшысы азаматтардың қауіпсіздігі үшін мұндай техниканың алуға тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.

Ж. Жұмашевтың айтуынша, Ақжайық, Сырым, Қазталов аудандары өткен жылғы маусымда жол тазалауға атүсті қараған. Осыған орай он-лайн режимінде жиынға қатысып отырған аталмыш аудандардың басшылары «орындарынан» тұруға мәжбүр болды. Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов күре жолдан Алғабас ауылдық округіне дейінгі 38 шақырым жол дұрыс тазаланбағанын мойындады. Биыл гидроторап бөлігіне  арнайы «К-700» техникасы бөлінбек. Жаңадан автогрейдер техникасы да алынған, сондықтан қиындықтар болмайды деп сендірді ол. Сырым ауданында биыл былтырғы кемшілікті болдырмас үшін облыстық жолды бір компания және аудандық жолдарды өзге компания қарап, күтетін болған. Сонымен қатар 32 шаруа қожалығымен 36 техника тартуға келісімдер жасалған. Қазталов ауданының әкімі Нұрлан  Бекқайырдың айтуынша, аудандағы 719 шақырымдық жолды қардан бір күнде тазалау қиын, бұл жұмыстардың 3-4 күнге созылғаны жасырын емес. Алтай Сейдірұлы аудан басшыларынан өткен жылғы кемшіліктердің биыл қайталанбауын шегелеп тапсырып, қысқа дайындықты ширатуды талап етті. Сондай-ақ  «Қазавтожол» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Темірхановтан көктайғақ кезінде жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қауіпсіз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылатынын сұрап білді. Өткен жылы транзиттік жолдарда қар кептелісі болғаны аян.  Б. Темірхановтың айтуынша, жолға себілетін инертті материалдар 25 пайызға дайын, 49 техниканың 67 пайызы әзір және қысқа дайындық 1 қазанға толықтай аяқталмақ.

Жиында жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева баяндады. Оның баяндауынша,  биылғы 8 айда 23 мыңнан астам жіті респираторлық аурулар тіркелсе, соның 83-і тұмау болды. Бұл өткен жылғыдан едәуір төмен. Жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы 45 мың дозалық ресейлік вакцина сатып алынған. Тұмауға қарсы дәрімен тұрғындардың 7 пайызы, соның ішінде медызметкерлер, балалар үйлері мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, созылмалы аурулы, иммунитеті нашар балалар мен ересектер, жүкті әйелдер егіледі.  Сонымен қатар кеңес отырысында қысқы маусымда шалғай ауылдардан ауруларды орталыққа жеткізу жайы да сөз болды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев та қысқы маусымға дайындық жайын баяндады. Алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуге және бюджеттік мекмелерге отын түрлерін сатып алуға 6,9 млрд. теңге бағытталды. Бүгінде қажетті 1126 тонна сұйық отын (жоспардың 80 пайызы), 3234 тонна көмір (47 пайызы) жеткізілді. Білім беру нысандары түгелімен, денсаулық сақтау мекемелері 99 пайызға, әлеуметтік 379 нысанның 99 пайызы дайын. 1269 тұрғын үйдің 1140-ы ғана жылыту маусымына әзір. Жоспарлы 11,8 шақырымның орнына 12,3 шақырымдық жылу желілері жөнделген немесе жаңадан салынған. Жоспарлы 18,9 шақырымдық құбырдың орнына 14,5 шақырымдық су құбыры және кәріздік желі,  666 шақырым электр желісі  жөнделді. Жылу-қуат орталығындағы жылу қазандықтары да жөнделген. Облыстағы 465 жылу қазандықтары қысқы кезеңге дайындықтан өткен. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жылыту маусымы басталғанша толықтай аяқталады деп күтілуде. Ал Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халеловтың айтуынша, 16 жылу қазандығы қысқа дайын. 105 көпқабатты  үйлер де дайындық құжаттарын алған. Ақсай қаласының төртінші және бесінші шағынаудандарын жылумен қамтитын жаңа Германиядан әкелініп, орнатылған жылу қазандығы жағылатын газды 30 пайызға үнемдемек.

Бұдан кейін «Қазавтожол» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Темірханов қыс кезіндегі жолдың сапасын назарда ұстау, қар басып қалудан сақтау, күту, жол қозғалысының қауіпсіздігі хақында баяндады. Облыс басшысы республикалық маңызы бар жолдарды қарайтын мекеме басшылығына Атырау-Орал, Саратов, Ақтөбе бағытындағы күре жолдарда қыс уақытында қиындықтар тумас  үшін қосымша техниканы жалға алуды ұсынды.

Кеңес отырысында «Қазгидромет»  БҚО филиалының өкілі қысқы маусымға емес, тек қазан айындағы ауа райы жөнінде мәлімет берді. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы   Ж. Жұмашев аталмыш мекемеден қысқы маусымдағы ауа райы болжамын сұратқанын, бұл қыстың және қардың, мұздың қалыңдығы қанша болатынын біліп отыруға, соған сай әрекет етуге қам жасауға көмектесетінін айтып, наразылығын білдірді. «2006 жылы өзен-көлде мұз қалың болып, тонналаған балық қырылып қалды. Мұндай жағдай 10 жылдан кейін қайталануы мүмкін. Мұз 7 сантиметр болса, балық қырылып қалады. Ондай жағдайда мұз ою жұмыстарын жүргізуіміз керек. Маршруттарды жасауымыз керек», - деді Ж. Жұмашев.

Комиссия отырысын облыс басшысы қорытындылап, қысқы маусымға дайындықты уақтылы аяқтауды тапсырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

 «Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале